Екінші деңгейдегі банктердің экономикаға берген кредиттері 2025 жылғы сәуірде 2,0%, 35,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2025 жылдың басынан 3,8% өсім). Экономикаға берілген кредиттердің құрылымында 2025 жылғы сәуірдің қорытындысы бойынша ұлттық валютада берілген кредиттер 2,1%, 32,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасында берілген кредиттер 0,5%, 2,7 трлн теңгеге дейін, оның ішінде теңге бағамының АҚШ долларына қатысты 1,6% әлсіреуі нәтижесінде оң қайта бағалау салдарынан ұлғайды.
Бизнес субъектілеріне берілген кредиттер 2025 жылғы сәуірде негізінен айналым қаражатын сатып алуға берілген қарыздардың 2,8%, 5,1 трлн теңгеге дейін өсуі есебінен 2,9%, 13,3 трлн теңгеге дейін өсті (2025 жылдың басынан 1,8% өсім). Бизнеске берілген кредиттер құрылымында ірі бизнеске қарыздар 1,2%, 5,0 трлн теңгеге, ШОБ субъектілеріне берілген қарыздар 3,3%, 5,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Жеке кәсіпкерлерге берілген кредиттер 5,3%, 2,5 трлн теңгеге дейін өсті.
Салалар бойынша 2025 жылғы сәуірде бизнеске берілген кредиттердің өсуі барлық салада байқалады. Мәселен, өнеркәсіпте кредиттер 1,1%, 4,3 трлн теңгеге дейін, саудада 2,3%, 3,6 трлн теңгеге дейін, көлікте 11,1%, 1,0 трлн теңгеге дейін, ақпарат және байланыста – 15,9%, 0,2 трлн теңгеге дейін, құрылыста 1,5%, 0,6 трлн теңгеге дейін, ауыл шаруашылығында 5,4%, 0,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
2025 жылғы сәуірде бизнес субъектілеріне 1,7 трлн теңге сомаға жаңа қарыздар берілді, бұл 2024 жылғы сәуірмен салыстырғанда 16,2% артық. 2025 жылдың басынан бері бизнеске жаңа кредиттер беру көлемі 5,6 трлн теңгені құрады, бұл 2024 жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 4,6% артық.
2025 жылғы сәуір айының қорытындысы бойынша бизнес субъектілеріне ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі, оның ішінде ЖК қарыздары бойынша мөлшерлеменің 31,4%-дан 31,1%-ға дейін азаюы есебінен бір ай бұрынғы 21,6%-дан 21,3%-ға дейін төмендеді.