Қазақстанда металлургиялық кендерді өндіру 7,8%, ал металдар өндірісі 6,9% өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков мәлімдеді. Оның айтуынша, осы жылдың бірінші жартыжылдығында да оң динамика сақталып отыр.
Негізгі металдардың әрі қарай өңделуіне, қосалқы салалардың дамуына және жоғары өңделген өнімдердің өндірісіне айрықша назар аударылуда. 2025 жылы мыс өңдеуді екі есеге, алюминийді 50%, қорғасынды екі еседен астам ұлғайту, сондай-ақ мырыш өндірісін 11% арттыру жоспарлануда.
Жалпы ЖІӨ-дегі тау-кен металлургия кешенінің үлесі 8%-ды құрайды, өнім көлемі 14 трлн теңгеден асады, салада 224 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. 2024 жылы металлургия саласына 1,7 трлн теңгеден астам инвестиция салынды. Саладағы еңбек өнімділігі бір жұмысшыға шаққанда 102 мың долларды құрап, 9,4 % өсті.
Отандық кәсіпорындарды негізі металдармен қамтамасыз ету шарасы орташа және жоғары өнімдерді өндіретін кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайтуға мүмкіндік беруде. Нәтижесінде катанка, кабель өнімдері, аккумулятор, терезе профильдері мен жиһаз фурнитураларының және басқа да тауарлардың өңдірісі ұлғаюда. Сондай-ақ жылыту радиаторларын өндірістік аккумуляторлар мен латунь бұйымдарын өндіретін жаңа жобалар іске қосылды.
2025 жылы Қазақстанда жалпы сомасы 1,6 трлн теңгеге 190 өнеркәсіптік жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрінің ақпараты бойынша, бұл шамамен 23 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Оның ішінде тау-кен металлургия саласында 6,5 мың жұмыс орнын құратын жалпы құны 444 млрд теңге болатын 28 жоба бар, олардың қатарында: Қарағанды облысындағы тік тігісті болат құбырлары және алюминий радиатор жобалары, Түркістан облысындағы алюминий профильдерін өндіру, Ақмола облысындағы алюминий бұйымдарын шығару, Павлодар облысындағы ферроқорытпа өндірісі, Жамбыл облысындағы катодты мыс өндіру жобалары бар.
2030 жылға қарай Қазақстанда мыс өндіруді екі есеге арттыру және болат өндірісін ұлғайту жоспарлануда
Айдарлы, Көксай және Бенқала жаңа ірі кен орындарын іске қосу есебінен мыс кенін өндіру 2 есеге немесе 300 млн тоннаға дейін артады. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков Үкімет отырысында хабарлағандай, бір мезгілде темір рудасын өндіру ұлғайтылатын болады.
Темір кенін өндіру ішкі сұраныстың өсуінен және жаңа жобалардың қосылу есебінен 40%-ға немесе 52 млн тоннаға дейін өседі.