Ірі бизнесиің несиеге сұранысы артып, шағын бизнесте азайды

Ірі бизнесиің несиеге сұранысы артып, шағын бизнесте азайды

2025 жылғы I тоқсанда бизнестің несиеге сұранысы алдыңғы тоқсан деңгейінде сақталды.

Ірі және орта бизнестің сұранысы оң динамиканы көрсетті. Банктердің пікірінше, бұл негізінен айналым қаражатын қаржыландыру қажеттілігімен байланысты. Есепті тоқсанның екінші жартысында мөлшерлемелердің өсуі мен мемлекеттік бағдарламалардың қысқаруы кәсіпорындардың инвестициялық жобалар бойынша жоспарын қайта қарауға ықпал етті. Бұл ретте жекелеген орта банктер орта бизнес сегменті үшін жағдайдың біршама жеңілдетілгенін және осы бағыттағы портфельді ұлғайту жұмыстары жандана түскенін атап өтті. Өткен тоқсанмен салыстырғанда ірі бизнес 235 өтінім берді, бұл – 10% артық көрсеткіш. Ал өтінімдердің орташа мөлшері 11,5 млрд теңгеге дейін – 30%-ға ұлғайды. Орта бизнестегі кредиттік өтінімдердің жалпы саны 4,6 мыңға дейін – 1%, ал өтінімдердің орташа мөлшері 768 млн теңгеге дейін – 8% төмендеді.

Шағын бизнеске келсек, мұнда субсидиялау мен кепілдік беру тетіктеріндегі өзгерістерге байланысты мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында қаржыландыру уақытша тоқтатылғандықтан, өтінімдер саны азайғаны байқалады. Кейбір банктер жаңа өнімдер мен белсенді маркетингтік қадамдар арқылы сұранысты қолдады. Шағын бизнестен түскен кредиттік өтінімдердің жалпы саны 5% азайып, 884 мыңды құрады. Ал өтінімдердің орташа мөлшері 35,4 млн теңгеге дейін – 26% төмендеді.

Шағын бизнес субъектілері үшін кредиттік өтінімдерді мақұлдау коэффициенті 33% деңгейінде сақталды. Ірі бизнес үшін I тоқсан соңында келіп түскен өтінімдер санының өсуіне және олардың қарау сатысында болуына байланысты 57%-ға дейін 3 п.т. төмендеді. Ал орта бизнес үшін мемлекеттік қолдау шараларының қысқаруы аясында тәуекелдерді бағалауға келгенде банктердің біршама сақтықпен қарауына байланысты 36%-ға дейін 5 п.т. төмендеді.