Halyk Bank «Click» АҚ акционерлерімен стратегиялық келісім жасалғанын жариялады. Бұл келісім аясында Halyk Bank Click компаниясының 49% акциясын сатып алады, сондай-ақ өзіне тиесілі Өзбекстандағы еншілес банкі — «Tenge Bank» АҚБ-ның 49% акциясын Click акционерлеріне сатады, деп хабарлайды Forbes.kz.
Halyk Bank Click-тің 49% акциясына 176,4 млн доллар төлейді. Ал Click акционерлері Tenge Bank-тің 49% акциясына 60,76 млн доллар төлейді.
«Мәміленің құрылымы тараптарға тығыз серіктестік орнатуға мүмкіндік береді, сонымен қатар олардың әрқайсысы жеке заңды тұлға ретінде мәртебесін сақтап қалады», – делінген ресми хабарламада.
Tenge Bank – Өзбекстанда тіркелген, Halyk Bank-ке толық тиесілі әмбебап коммерциялық банк. Ол 2019 жылғы 18 мамырда Өзбекстанның Орталық банкінен банктік лицензия алып, 2019 жылғы 10 шілдеде клиенттерге қызмет көрсете бастады.
Click – онлайн төлем қызметтерін ұсынатын өзбекстандық компания. 2011 жылы құрылған, қазіргі уақытта Өзбекстандағы төлем жүйелері нарығындағы жетекші компаниялардың бірі. Компанияның бас директоры және тең құрылтайшысы – Улуғбек Рустамов. Click жеке тұлғаларға да, бизнеске де қызмет көрсетіп, түрлі төлемдер мен ақша аударымдарын жасауға мүмкіндік береді. 2024 жылғы 10 маусымда Click акционерлік қоғамға айналды.
2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, компания платформаны пайдаланушылар саны 20 миллионнан асып кеткенін, ал жеке басы расталған пайдаланушылар саны 5 миллионнан асқанын хабарлады.