Dodo Brands Астана қаржы орталығына көшіп келді

Dodo Brands Астана қаржы орталығына көшіп келді

Ресей мен Қазақстандағы ең ірі «Додо Пицца» пиццериялары мен «Дринкит» цифрлық кофеханалар желісіне иелік ететін Dodo Brands холдингтік компаниясы Виргин аралдарынан «Астана» халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) редомициляция процесін аяқтады. Бұл дегеніміз, компания заңды тұлға мәртебесін, бүкіл бизнес құрылымын және қолданыстағы міндеттемелерін сақтай отырып, юрисдикциясын өзгертті.

Редомициляция процесі 2025 жылдың 12 маусымында аяқталды және Dodo Brands пен АХҚО арасындағы тығыз өзара іс-қимылдың нәтижесі болды. Осылайша, компания АХҚО-ны өзінің жаңа юрисдикциясы ретінде таңдаған халықаралық компаниялардың қатарына қосылды. Бүгінгі таңда Орталыққа Solidcore Resources Plc (бұрын – Polymetal International Plc.), Cheltenham Group Limited, Fix Price Group Ltd., Specta Group Ltd. және басқалар редомициляцияланды. 

Dodo Brands холдингі Еуропадағы ең ірі 7 азық-түлік сервис компанияларының қатарына кіреді және Таяу Шығыстың, Еуропаның, Африканың және Оңтүстік-Шығыс Азияның 26 елінде 1,3 мыңнан астам пиццериялар мен кофеханаларды басқарады. 2025 жылдың маусым айының басындағы жағдай бойынша Қазақстанда 100-ден астам «Додо Пицца» пиццериясы және 14 «Дринкит» кофеханасы жұмыс істейді. Өзбекстанда, Қырғызстанда және Тәжікстанда тағы 33 пиццерия ашылды.

2024 жылы Dodo Brands кірісі 1 млрд доллардан асты және бүкіл желі ұйымы 43 мың адамды құрайды. Бұл ретте брендтердің ауқымын кеңейту негізінен франчайзинг моделі бойынша жүзеге асырылады – бөлімшелердің 95% франчайзи-серіктестердің басқаруында.

Dodo Brands – мейрамхана бизнесін цифрландыру саласындағы көшбасшылардың бірі. Бүкіл желі дербес Dodo IS бұлттық платформасында жұмыс істейді, ол: кассалық операциялар мен логистикадан бастап, CRM және нақты уақыттағы аналитикаға дейін басқарудың барлық аспектілерін қамтиды. Әрбір пиццерия бірыңғай жүйеге қосылған, бұл бизнесті басқарылатын, ауқымдалатын және серіктестер мен инвесторлар үшін толығымен ашық етеді.

«Dodo Brands-тің АХҚО-ға редомициляциясы біздің юрисдикциямыздың жоғары технологиялық және қарқынды дамып жатқан халықаралық компаниялар үшін тартымды екенін айшықтады. Комплаенстың жоғары стандарттары мен икемді реттеуші орта Додо сияқты компаниялар үшін бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай туғызады. Біз осы компанияның АХҚО-да болуы экожүйемізді нығайтып қана қоймай, Қазақстан мен жалпы Орталық Азияға инвесторлардың қосымша назарын аударатынына сенімдіміз», — дейді АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров.

«Біз үшін компаниямыз нақты операциялық қызмет жүргізіп жатқан юрисдикцияны таңдау маңызды еді. Сондықтан АХҚО-ға редомициляция біз үшін қисынды қадам болды: Қазақстан Республикасының аумағында Dodo Brands корпоративтік кеңсесі орналасқан және халықаралық бизнестің едәуір бөлігі жүргізілуде. Бұдан басқа, АХҚО халықаралық стандарттарға сәйкес келетін дамыған құқықтық және іскерлік инфрақұрылымды ұсынады, бұл оны біздің бизнесіміздің ауқымын кеңейту үшін одан да тартымды етеді», — дейді Dodo Brands CEO Дмитрий Соловьев.