ЦентрКредит Банкі тобының таза пайдасы 70% ұлғайып 146,3 млрд теңге болды

ЦентрКредит Банкі тобының таза пайдасы 70% ұлғайып 146,3 млрд теңге болды

2025 жылдың I жартыжылдығында ЦентрКредит Банкі (ЦКБ) және оның еншілес ұйымдары 146,3 млрд теңге таза пайда тапты. Бұл көрсеткіш бір жыл ішінде 70% немесе 60,2 млрд теңгеге өсті, деп хабарлайды KASE.

Жарты жылдағы пайданы арттыру банк пен оған кіретін компаниялардың негізгі қызмет бағыттарының барлығында дерлік табыстың өсуімен байланысты. ЦКБ-ның таза пайыздық кірісі 165,5 млрд теңгені құрап, 35,1 млрд теңгеге немесе 27% өсті. Таза комиссиялық кіріс те артты, бірақ онша айтарлықтай емес – 1,6 млрд теңгеге (7,8%) өсіп, 22,2 млрд теңгеге жетті.

Банк тобының пайыздық емес кірістері де айтарлықтай көбейді – бірден 87% өсіп, 54,65 млрд теңгені құрады.

Жыл басынан бері банк активтері 2,9% ұлғайып, 7 трлн теңгеден 7,3 трлн теңгеге жетті. Міндеттемелері 1,9% өсіп, 6,56 трлн теңгеге дейін артты, ал капиталы 13,4% өсіп, 723 млрд теңгеге жетті.

ЦКБ қаржы тобының құрамына банктен бөлек BCC Invest брокері, BCC Life және Sinoasia B&R сақтандыру компаниялары және басқа да құрылымдар кіреді.

Банк 2025 жылғы 11 тамызда Қазақстан Республикасы банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасы аясында шығарылған атаулы купондық субординацияланған облигациялар бойынша 30 млрд теңгені толық көлемде мерзімінен бұрын қайтарған.

ЦентрКредит Банкіндегі Бахытбек Байсейітовтың үлесі 2025 жылдың II тоқсанында 51,76%-ға дейін ұлғайғаны айтылған. Бұл өзгерістер банк акцияларын кері сатып алуы есебінен болды.

Қазақстан қор биржасының мәліметінше, шілде айында Байсейітовтың үлесі сәуір айының басымен салыстырғанда 48,47%-дан 51,76%-ға дейін өскен. Алайда оның иелігіндегі акциялардың саны өзгермеген – 91,1 млн дана. Сонымен қатар, банктің екінші ірі акционері Владислав Ли-дің үлесі де 11,16%-дан 11,92%-ға дейін артты.