ЦентрКредит Банкі мемлекеттің көмегін толық қайтарды

ЦентрКредит Банкі мемлекеттің көмегін толық қайтарды

ЦентрКредит Банкі 2025 жылғы 11 тамызда Қазақстан Республикасы банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасы аясында шығарылған атаулы купондық субординацияланған облигациялар бойынша 30 млрд теңгені толық көлемде мерзімінен бұрын қайтарғанын хабарлайды. Қаражат 2017 жылы алынған болатын және бастапқы өтеу мерзімі 2032 жылға дейін белгіленген еді.

«Бұған дейін банкіміз алынған қаражатты мерзімінен бұрын қайтару ниеті барын мәлімдеген болатын. Біз мемлекетке көрсеткен қолдауы мен сенімі үшін алғыс білдіреміз. Мерзімінен бұрын өтеу туралы шешім қаржылық көрсеткіштерге, рейтингтерге ықпалын және ҚҚС пен КТС бойынша салық заңнамасындағы өзгерістерді жан-жақты бағалаудан кейін қабылданды. Банк клиенттерге көрсетілетін қызметтерді цифрландыруды әрі қарай жалғастырып, өз процестері мен өнімдеріне жасанды интеллектті енгізетін болады», – деді «Банк ЦентрКредит» АҚ Президенті Руслан Владимиров.

Қаражат толық көлемде үш кезеңде қайтарылды: 2024 жылғы желтоқсанда – 20 млрд теңге, 2025 жылғы сәуірде – 10 млрд теңге және 2025 жылғы тамызда – 30 млрд теңге.

ЦентрКредит Банкі екінші деңгейлі банктер арасында мемлекеттік қолдауды ең аз алғандардың бірі – 60 млрд теңге, бастапқыда қайтару мерзімі 2032 жылғы қараша айына дейін болатын.

Айта кетейік, ЦентрКредит Банкіндегі (ЦКБ) Бахытбек Байсейітовтың үлесі 2025 жылдың II тоқсанында 51,76%-ға дейін ұлғайды. Бұл өзгерістер банк акцияларын кері сатып алуы есебінен болды.

Қазақстан қор биржасының мәліметінше, шілде айында Байсейітовтың үлесі сәуір айының басымен салыстырғанда 48,47%-дан 51,76%-ға дейін өскен. Алайда оның иелігіндегі акциялардың саны өзгермеген – 91,1 млн дана. Сонымен қатар, банктің екінші ірі акционері Владислав Ли-дің үлесі де 11,16%-дан 11,92%-ға дейін артты.