Қазақстанның Автокөлік Одағы мәліметінше, 2025 жылдың шілдесінде 20 мыңнан аса жаңа көлік өтіп, 10,6% өсім көрсетті, бұл маусыммен салыстырғанда 3,9% жоғары және жыл басталғалы тіркелген ең үздік нәтиже. Ресми дилерлер 20 165 жеңіл және коммерциялық техника сатты. Жалпы жыл басынан бері 125 034 жаңа машина иесін тапқан, бұл былтырғы осы кезеңге қарағанда 23,4% көп.
«Шілдеде жаңа автомобиль саудасының қарқыны кеміген жоқ. Қазір нарық тұтынушылардың түрлі сұранысына сай келетін, әртүрлі жабдықталымдағы көліктің кең ассортиментін ұсынып отыр. Шілдеде ең көп өткен 10 машинаның 8-і отандық өнім екенін айта кеткен жөн. Қазақстандықтар сапасы жоғары әрі заманауи қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетіндіктен жаңа машина таңдайды. Десе де, автопаркті жаңарту шараларын қолдануды жалғастыру қажет», — деді ҚАО президенті Анар Мақашева.
Жаздың екінші айында үздіктер үштігінде өзгеріс байқалды: Chevrolet (4 048; былтырғы шілдемен салыстырғанда +70,4%) көш бастап, Hyundai екінші сатыға түсіп қалды (3 713; -14,4%). Үшінші орында әдеттегідей Kia (2 170; +11,9%) еншіледі. Төртінші орын Jetour брендіне (1 321; +26,7%) бұйырса, бесінші орынға Chery (1 138; -17%) жайғасты.
Одан бөлек тізімге Jac (1 111; -5,4%), Haval (1 036; +10,2%), Toyota (943;; +4,1%), Changan (904; +35,5%) және Geely (501; -28,5%) енді.
Шілдеде аса танымал болған 10 модель арасында Chevrolet Cobalt (3 417), Hyundai Tucson (1 211) және Kia Sportage (955) алдыңғы орындарды иеленді. Төртінші болып Hyundai Elantra (695) келсе, 666 данасы өткен Hyundai Mufasa бесінші сатыны қанағат тұтты.
Содан соң Jac S3 (605), Haval M6 (528), Chevrolet Onix (471), Hyundai Santa Fe (468 және Chery Tiggo 2 (397) тұр.
Жеті ай қорытындысы бойынша Hyundai (27 931; +23,7%) оқ бойы озық шықты, одан кейінгі Chevrolet кәдімгідей қалып келеді (17 354; +67,7%), үшінші қатарға 13 489 автомобильдің кілтін тапсырған Kia орналасты (+0,2%). Төртінші және бесінші орындарды Jetour (8 563; +73,7%) мен Chery (8 453; +5,5%) өзара бөліп алды.
6 830 көлігі өткен Haval алтыншы сатыға тұрақтады (+33,7%). 5 909 көлігі өткен Changan жетінші орынға көтерілді (+21,1%), Jac сегізінші (5 838; -7,7%), Geely тоғызыншы (5 772; +45,9%) орыннан көрінді, ал мықтылар ондығын Toyota (5 502; +1,5%) түйіндеді.