Былтыр халық 2,2 трлн теңгеге ипотека, 1,8 трлн теңгеге автонесие алды

Былтыр халық 2,2 трлн теңгеге ипотека, 1,8 трлн теңгеге автонесие алды

Жеке тұлғалардың несиелерінің жалпы портфелі 2025 жылдың 1 қаңтарына қарай 24,1 трлн теңгеге жетті, бір жылда 22,9% өскен. Портфельдің 90%-дан астамы үш өнімге тиесілі - кепілсіз тұтынушылық несие, ипотека және автонесие.   

Кепілсіз тұтынушылық несие бойынша қалған қарыз көлемі 2025 жылдың басында 11,7 трлн теңгеге жетті (бір жылда +22,9%). Ал келісімшарттар санының өсімі қалыпты - 15,7%, 31,5 млн-ға дейін өскен.  

Кепілсіз тұтынушылық несиенің берілуі өткен жылы 10,6 трлн теңгеге жеткен. Көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 15,8% артып отыр. Рәсімделген келісімшарттар саны 36,9 млн бірлікті құрады (бір жылда +14,3%). Келісімшарт бойынша орташа берілу көлемі, 287 мың теңге, небәрі 1,3% өскен. Бұл инфляциядан (8,6%) әлдеқайда төмен.

Ипотека портфелі бір жылда 14,1% өсіп, 2025 жылдың 1 қаңтарына қарай 6,7 трлн теңгені құрап отыр. Келісімшарттар саны 9,9%, 627,6 мың бірлікке дейін артты. Ал қарыз алушылар саны 600 мыңға жуықтап, жылдық өсім 10,3%-ды құрады.

Ипотекалық несиенің актуалды портфелінің 60%-ға жуығын 2023 және 2024 жылдары алынған жаңа несиелер құрайды. Атап өтейік, өткен жылы бұл сегментте несиенің берілу белсенділігі едәуір артқан болатын. Рәсімделген келісімшарттардың жалпы көлемі бір жылда 27,8% артып, 2,2 трлн теңгеге жетті. Ал несие саны 18,9% артып, 136,8 мың бірлікті құрады. Ипотека алған қарыз алушылар саны 2023 жылмен салыстырғанда 21% өсіп, 134 мың адамға жеткен.      

Автонесие портфелі 2025 жылдың 1 қаңтарына қарай 3,6 трлн теңгеге жетіп отыр. Бір жылда 44,8% өскен. Келісімшарттар саны 591,2 мың бірлікті, ал қарыз алушылар саны 559,2 мың адамды құрады. Екі көрсеткіш те жылдан жылға шамамен үштен бірге артқан. 

2024 жылы берілу көлемі жылдық мәнде 13,2% артып, 1,8 трлн теңгеге жеткен. Қарыз алушылар саны 214 мың адамды (+10,2%), ал келісімшарттар саны 228,4 мың бірлікті (+5,7%) құрады.