Мемлекет басшысы Көлік министрін қабылдады.
Марат Қарабаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің былтыр атқарған жұмысының қорытындысы туралы есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарын таныстырды.
Негізгі көрсеткіштер:
- көліктің барлық түрі бойынша тасымал көлемі 6% өскен;
- Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы өтетін жүк тасымалы 4,5 млн тоннаны құрады (өсім – 62%);
- 12 мың шақырым жол жөнделді;
- Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Қандыағаш және Атырау – Астрахань тас жолдарын жаңғырту аяқталды.
Авиация және әуежайлар:
- Алматы, Қызылорда және Шымкент қалаларының әуежайларында 3 жаңа жолаушылар терминалы салынды;
- отандық әуе компаниялары 14,7 млн жолаушы тасымалдаған (өсім – 10%);
- әуежайларда 29,7 млн адамға қызмет көрсетілген (14% артқан);
- биыл Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдеріне 19 жаңа әуе бағытын ашу жоспарланып отыр;
- Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі әуежайларының құрылысы басталды.
Теміржол секторы:
- 21 млн жолаушы тасымалданған (өсім – 3,9%);
- 125 теміржол бекетін жаңғырту жұмыстары қолға алынады;
- 5 ірі инфрақұрылым жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Мемлекет басшысы Орталық – Батыс автожолының құрылысын жеделдетуді; Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізін кеңейтуді; Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға ерекше назар аударуды; ішкі және халықаралық әуе рейстерінің санын көбейтуді; көлік секторына инвестиция тарту жұмысын күшейтуді тапсырды.