Ауылшаруашылығы машинасын құрастыру сала құрылымының шамамен 6%-ын алады. Бүгінде Қазақстанда өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын 10 ірі кәсіпорын өндіреді. Қолданыстағы жеңілдетілген лизинг бағдарламасының арқасында отандық өндірушілер трактор мен комбайн бойынша ішкі нарық қажеттілігінің 90%-ын қамтамасыз етіп отыр.
Өткен жылы финдік SAMPO, қытайлық ZOOMLION және американдық John Deere Қазақстанға кіріп, қазір олардың қатысуы күшейтілуде.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанда 4 мыңға жуық трактор (+39,3%) мен 441 астық жинайтын комбайн (+64,6%) өндірілді. Жылдық жоспар 10 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын шығаруды көздейді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 27% жоғары.
Вице-премьер Серік Жұманғарин өңдеу өнеркәсібінің негізгі секторының бірі және елдің технологиялық дамуының маңызды драйвері ретінде машина жасаудың тұрақты өсу қарқынын сақтауға бағытталған барлық қажетті шаралар кешенін қамтамасыз етуді тапсырды.