Бір адамға кететін медициналық шығын 258 мың теңгеге жетті

Бір адамға кететін медициналық шығын 258 мың теңгеге жетті

Кейінгі жеті жылда Қазақстанда медициналық қызметке жұмсалатын шығындар едәуір өсті. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бір қазақстандыққа шаққандағы медициналық шығын 2,6 есе өсіп, 98 мың теңгеден 258 мың теңгеге жетті.

Дәрігерлердің жалақысы да өсті

Осы кезеңде медицина қызметкерлерінің орташа айлығы шамамен 2,5 есе артқан. Дәрігерлердің еңбекақысы 159 мың теңгеден 442 мың теңгеге дейін көтерілді.

Ал медициналық қызмет көрсету көлемі — соның ішінде алғашқы көмек пен консультативтік-диагностикалық қызметтер саны — 2,7 есе артқан.

Әлеуметтік әділеттілік қағидаты

Министрдің айтуынша, соңғы жылдары ең үлкен нәтижелердің бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің әлеуметтік теңгерімді қағидаттарын іске асыру.

«МӘМС жүйесінің басты қағидасы — ауқатты адам кедей үшін, сау адам науқас үшін төлейді. Бұл модель әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етіп, барша азаматтарға медициналық көмектің қолжетімді болуына мүмкіндік беріп отыр», — деді Ақмарал Әлназарова.