BI Development жарты жылда 49,3 млрд теңге таза пайда тапты

BI Development жарты жылда 49,3 млрд теңге таза пайда тапты

2025 жылдың алғашқы жартысында BI Development компаниясының пайдасы 2,4 есе өсті. Алты айда компания 49,3 млрд теңге пайда тапты.

BI Development алты айлық қаржылық нәтижелер туралы есебін AIX биржасында жариялады. 2024 жылдың алғашқы жартысымен салыстырғанда компанияның кірісі 89,7% өсіп, 317,7 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте құрылыс пен сату шығындары да 88,6% өсіп, 230,7 млрд теңгені құрады. Соған қарамастан, жалпы табысы шамамен екі есеге (94,8%) артты.

Компанияның тұрғын үй сату көлемі 282,7 млрд теңге болды, ал коммерциялық жылжымайтын мүлік сатудан түскен кіріс 33,6 млрд теңгені құрады. Өнім өткізу шығындары 2,4 есе өсіп, 9,5 млрд теңгеге жетті, ал жалпы және әкімшілік шығындар 11,6 млрд теңгеге өсіп, 30 млрд теңгені құрады. BI Development-тің қаржылық кірістері де 2,6 есе өсіп, 22,5 млрд теңгеге жетті, бірақ қаржылық шығындары 20,6 млрд теңгені құрады. Инвестициялық нысандардағы үлестік пайдасы – 8,6 млрд теңге.

30 маусымдағы жағдай бойынша компанияда сатуға арналған аяқталмаған нысандар 479 млрд теңге көлемінде бар. Сатуға дайын аяқталған нысандардың құны – 23,1 млрд теңге.

BI Development – BI Group холдингінің құрамына кіреді және тұрғын үй мен коммерциялық жылжымайтын мүлікті салу, сату және кейінгі басқарумен айналысады. Компанияның түпкі иесі – Айдын Рахымбаев. Ол Forbes нұсқасы бойынша 967 млн АҚШ доллары көлеміндегі байлығымен Қазақстанның ең дәулетті кәсіпкерлері тізімінде 10-орында тұр.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың қорытындысы бойынша BI Development-тің таза пайдасы 78 млрд теңгені құраған. Өткен жылы компания 32,3 мың пәтер сатты (+42%). Соңғы үш жылда сатылған жалпы шаршы метр көлемі екі есеге жуық өсіп, 1,78 млн шаршы метрге жетті.