Банктердің маркетплейс құруына және сатып алуына шектеу қойылады

Банктердің маркетплейс құруына және сатып алуына шектеу қойылады

Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі банктер мен банк холдингтерінің нарыққа қатысуын шектейтін заң жобасын жариялады. Бұл олардың меншікті капиталының мөлшеріне байланысты болады.

Атап айтқанда, банктер мен банк холдингтерінің электрондық сауда алаңдары (маркетплейстер) және интернет-платформалар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және биометриялық сәйкестендіру саласындағы бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеушілер, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік пен алаяқтықтың алдын алумен айналысатын компаниялардың капиталына қатысуына талап қойылған.

Банктер мен банк холдингтерiнiң осындай ұйымдардың акцияларына немесе капиталына қатысу үлесiне жалпы инвестициялауы олардың меншікті капиталының 15%-нан аспауы тиiс. Бұл ретте жеке ұйымдағы үлес банктер немесе холдингтердің меншікті капиталының 5%-нан аспауы керек.

Жаңа өзгеріс қолданыстағы активтерге қатысы жоқ, енді жасалатын келісімшарттарға ғана қатысты.

Қазіргі уақытта Қазақстанда бірнеше банк холдингтерінің жеке маркетплейстері бар. Kaspi.kz банк холдингіне елдегі ең ірі Kaspi дүкені кіреді. Одан бөлек, 2025 жылдың 29 қаңтарында Kaspi.kz түріктің Hepsiburada маркетплейсінің 65,41% акциясын 1,1 млрд долларға сатып алған.

Құрамына Halyk Bank кіретін холдинг «Halyk Market» дүкеніне ие. 

Alatau City Bank (бұрынғы Jusan Bank) бас компаниясы – First Heartland Securities холдингі банктің Alatau City Market маркетплейсіне (Jusan Mart) тікелей ие емес.. eGov деректеріне сәйкес, Jusan Mart бірнеше тұлғаға тиесілі, оның ішінде басқа заңды тұлға арқылы банктің бұрынғы иесі Ғалымжан Есенов те бар.