Байсейітов ЦентрКредит Банкінің бақылаушы акционері болды

Байсейітов ЦентрКредит Банкінің бақылаушы акционері болды

ЦентрКредит Банкіндегі (ЦКБ) Бахытбек Байсейітовтың үлесі 2025 жылдың II тоқсанында 51,76%-ға дейін ұлғайды. Бұл өзгерістер банк акцияларын кері сатып алуы есебінен болды.

Қазақстан қор биржасының мәліметінше, шілде айында Байсейітовтың үлесі сәуір айының басымен салыстырғанда 48,47%-дан 51,76%-ға дейін өскен. Алайда оның иелігіндегі акциялардың саны өзгермеген – 91,1 млн дана. Сонымен қатар, банктің екінші ірі акционері Владислав Ли-дің үлесі де 11,16%-дан 11,92%-ға дейін артты.

«2025 жылдың сәуірінде банктің акциясын кері сатып алуы еркін айналымдағы акциялар санының азаюына әкелді. Соның салдарынан ірі қатысушылардың үлесі артты», – делінген.

2025 жылдың 24 сәуірінде ЦКБ KASE арқылы 1,2 млн жай акциясын кері сатып алды. Бұған дейін, сәуір айында банк биржадан 15,9 млн акцияны 1 дана үшін 2,2 мың теңге бағамен сатып алуға шешім қабылдаған болатын. Бұл процесс 2025 жылдың соңына дейін жалғасуы тиіс.

Бахытбек Байсейітов – еліміздегі ең ауқатты кәсіпкерлердің қатарында. Forbes мәліметі бойынша, оның байлығы 580 млн долларға бағаланады. 

Ұлттық банктің 2025 жылғы 1 маусымдағы деректеріне сәйкес, ЦентрКредит Банкінің актив көлемі 7 трлн теңгеден асып, Қазақстандағы ең ірі банктердің ішінде үшінші орынды иеленіп отыр.