Автонесиеге сұраныс артып, ипотекаға азайды

Автонесиеге сұраныс артып, ипотекаға азайды

I тоқсанның қорытындысы бойынша автонесие мен тұтынушылық қарыздарға сұраныс өсті. Керісінше, ипотекалық және тұтынушылық кепілсіз несиелерге сұраныс төмендеді.

Ипотекаға сұраныстың төмендеуі көбіне тұрғын үй-жинақ салымдары бойынша мемлекеттік сыйлықақының салыстырмалы түрде кеш төленуіне байланысты болды. Осыған орай қарыз алушылар өтініштерін тоқсан соңына қарай бере бастады. Кредиттік өтінімдердің жалпы саны 241 мыңға дейін – 6% өсті, ал олардың орташа мөлшері 16,6 млн теңгеге дейін – 7% төмендеді.

Қамтамасыз етілетін тұтынушылық несиеге сұраныс аздап өсті. Мұндай өсім негізінен жеке банктің сыйақы мөлшерлемесін төмендетуіне және комиссияларды алып тастауына, сондай-ақ бір ірі банктің осы өнімді белсенді жылжытуына байланысты болды. Түскен өтінімдер саны 50,9 мыңға дейін – 25% өсті. Өтінімдердің орташа мөлшері 12,8 млн теңгеге дейін – 9% ұлғайды.

2025 жылдың I тоқсанында кейбір банктердің маркетингтік акцияларды және тауарлық несие беруді тоқтатуына байланысты кепілсіз тұтынушылық кредиттерге сұраныс тұрақты түрде төмендеді. Бұл ретте, ірі банктер бұл сегменттегі сұраныс алдыңғы тоқсан деңгейінде сақталғанын атап өтті. Түскен өтінімдер саны 18,1 млн болды. Бұл өткен тоқсаннан 10% аз, ал өтінімдердің орташа мөлшері 13% ұлғайып, 1 025 мың теңгені құрады.

Автокредитті ішінара субсидиялайтын автосалондармен арадағы серіктестік негіздегі бағдарламалардың арқасында автонесиеге сұраныс артып келеді. Осылайша, кредиттік өтінімдер саны 1,4 млн-ға дейін – 13% өсті, ал өтінімдердің орташа мөлшері 7,9 млн теңгеге дейін – 11% ұлғайды.

Ипотекалық өнімдер мен автокредит бойынша мақұлдау коэффициенттері тиісінше 24% және 16%-ды құрай отырып, 7 п.т. және 2 п.т. төмендеді. Мақұлданған кепілсіз қарыздардың үлесі де өсіп, 31%-ды құрады. Ал кепілмен қамтамасыз етілген қарыздар бойынша мақұлдау көрсеткіші 2024 жылғы IV тоқсан деңгейінде сақталып, 36%-ды құрады.

2025 жылдың II тоқсанында банктер ипотекалық қарыздарға сұраныс біршама артып, автокредитке сұраныс едәуір өседі деп күтеді. Бұл ретте, банктердің пікірінше, тұтынушылық қарыздар бойынша (қамтамасыз етілген де, кепілсіз де) сұраныс біршама төмендеуі мүмкін.