Бәсекелестік қорғау және дамыту агерттігінің төрағасы Марат Омаров Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты — «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС жұмысымен танысты. Ол кәсіпорындағы жеке басқару зауыт жұмысының тиімділігіне, атап айтқанда, жиі жөндеу жұмыстарының болмауына оң әсер ететінін атап өтті, деп хабарлайды агенттік.
«Сіздердің қызметтеріңіздің аясында біз шынымен сапалы өнімді көреміз: жөндеу шығыны аз, ең бастысы бұл — перспективалы инвестициялық жоба. Біз бұл жұмысты үлгілі деп санаймыз және басқа екі зауытта да (Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттары — ред.) осындай тәсілді қолдануды жоспарлап отырмыз. Жекешелендіру кеңсесі аясында біз сіздердің тәжірибелеріңізге сүйене отырып, жеке инвесторларға екі МӨЗ-дегі үлесті ұсынбақпыз. Сондықтан біз бұл жұмысты жалғастырамыз», — деді Марат Омаров.
Айта кетейік, 2024 жылы агенттік мұнай өңдеу нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізді. Оның қорытындысы бойынша ҚазМұнайГаз тұлғалар тобына кіретін ПетроҚазақстан Ойл Продактс ЖШС нарықта үстем жағдайға ие субъект.