Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында Астанада PR room ұйымдастырған Art Forum – креативті салалардың басты форумы өтті.
Іс-шараны ұйымдастырушы – медиа және PR саласының мамандарынан құралған PR room қауымдастығы.
Форум биыл екінші рет ұйымдастырылды және бір алаңда арт-менеджерлерді, креаторларды, сондай-ақ мәдениет, өнер, театр, кино, музыка, поэзия, тарих пен коммуникация салаларының сарапшыларын жинады.
Форум ұйымдастырушысы Айнұр Байғожа атап өткендей, алаңның басты мақсаты – Қазақстандағы креативті салаларды дамыту үшін үздік практик-сарапшылардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау.
«Мәдени код пен танымалдылық: Қазақстандық өнімді қалай сату керек?» сессиясының спикері – JOANNA PARADIS QAZAQSTAN брендінің CEO-сы, дизайнер Жанна Тоғызбаева. Ол өз брендінің тұжырымдамасын таныстырып, оның киім үлгілері қалыптасып қалған «дұрыс пішім» ұғымынан алшақ екенін және бұл – өнердің бір формасы екенін жеткізді. Жаннаның айтуынша, брендтің өз болмысы мен сындарлы көзқарасы бар.
«Мен қазақ дәстүрін құрметтейтін және әлемдік мәдениетті үйлестіретін киім философиясын дамытамын. Мен ата-бабамның шексіз даласының рухы мен Алаш Орда зиялыларының мұрасын бейнелейтін заманауи киім үлгілерін жасаймын», – деді дизайнер.
Сонымен қатар, бренд экологиялық тұрақтылық қағидаттарын ұстанады. Жанна киім өндірісінде редизайн және апсайклинг тәсілдерін қолдана отырып, ескі бұйымдарды қайта өңдеп, оларды табиғи ресурстарды ысырап етпей, дизайнерлік өнімдерге айналдырады.
Форумның басты тақырыбы – шығармашылықты монетизациялау.
Watch IT жарнама және коммуникация агенттігінің негізін қалаушы әрі директоры Иван Глущенко өз сөзінде креаторлар брендтерге өнерін толыққанды өнімнің негізі ретінде, арнайы жобаларды қалай жасауға және ұсынуға болатыны туралы айтты.
«Форум шығармашылықты кәсібилендіру және монетизациялау тақырыбына деген қызығушылықтың артқанын көрсетті. Шараға былтырғымен салыстырғанда екі есе көп, шамамен 350 адам қатысты. Бұл тақырыптың өзектілігінің айқын дәлелі. Біз видеоподкасттар, AR және VR форматтарындағы, сондай-ақ брендтік контент саласындағы әртүрлі шығармашылық жобаларды жүзеге асырып жүргенімізге төрт жылдан асты. Бұл тәсіл креативті индустрия мен бизнес тарапынан қаншалықты тиімді әрі сұранысқа ие екенін көріп отырмыз», – деді Иван.
Бұл жолы форум режиссері, KinoHubKZ компаниясының CEO-сы Нұрсұлтан Көшербаевтың бастамасымен киноиндустрия саласына ерекше назар аударылып, деректі және көркем фильмдерге арналған сессиялар ұйымдастырылды.
«Жеке бренд: жоғары ақы төленетін тапсырыстар кілті» сессиясының модераторы, Tanba коммуникациялық агенттігінің негізін қалаушы Ақсулу Саңғали атап өткендей:
«Креативті индустрия бүкіл әлемде қарқынды дамып келеді. Нарық та, аудитория да өзгеріп, жаңа форматтар шығып жатыр. Ең бастысы – мамандар жаңа кәсіби деңгейге көтеріліп келеді. Бірақ бәсеке бар жерде тек білікті болу жеткіліксіз, даралана білу қажет. Бірегейлік пен жеке бренд – бұл алға жылжу, танымалдыққа ие болу және ірі тапсырыстарды тартудың маңызды құралдары», – деді ол.
«Форум аясында жеке бренд қалыптастыруға арналған арнайы сессия өткіздік. Оған медиа және коммуникация салаларынан келген мықты сарапшылар қатысты. Олардың әрқайсысы нақты тәжірибеге негізделген кәсіби кейстерді ортаға салды. Біз YouTube монетизациясы, ТВ және әлеуметтік желілермен жұмыс, бұқаралық ақпарат құралдары мен тіпті Forbes-қа шығу жайында сөз қозғадық. Мұндай іс-шаралар өз бағытыңды қайта пайымдауға серпін беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Жеке бренд – бұл жай ғана «танымал болу» емес, бұл – сұранысқа ие және қажетті болу», – деді Ақсұлу.
Kazakhstan Media Group басшысы, медиа сарапшы Махаббат Есеннің пікірінше:
«Креативті индустрия форумдары инновацияларды ынталандыруға, білім мен тәжірибе алмасуға және әртүрлі креативті әрі медиа сектор өкілдерінің өзара байланысын нығайтуға ықпал ететін маңызды алаң. Мұндай платформалар саланың дамуына жол ашып, жаңа идеялар мен серіктестіктердің пайда болуына ықпал етеді, мамандарға бір-бірінен үйренуіне, индустрияның болашағын бірге қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жаһандық сауда жағдайында мықты жеке бренд қалыптастыру - табысқа жетудің басты шартына айналды. Бұл бәсекелі нарықта дараланудың, аудиториямен сенімді қарым-қатынас орнатудың және ұзақ мерзімді байланысты қамтамасыз етудің жолы. Қарқынды дамып жатқан технологиялар мен блогерлердің орнын жасанды интеллект басуы мүмкін деген қауіп жағдайында шынайы жеке бренд қалыптастыру мен аудиториямен тығыз байланыс орнату – тұрақтылық пен бәсекеге қабілеттіліктің негізгі кепілі. Қазір – креативті мамандар үшін өз аудиториясын тауып, белсенді коммуникация жүргізіп, құндылық қалыптастыратын кезең. Бұл – болашаққа салынатын маңызды инвестиция», – деді сарапшы.
PR room ұйымдастырған Art Forum алаңы – креативті мамандарды біріктіруге бағытталған тұрақты жоба екенін дәлелдеді. Бұл кәсіби қауымдастық ұйымдастырған екінші форум, келесі шара 6 желтоқсанға жоспарланған.
«Арт-форум – бұл ойы бір, мақсаты ортақ адамдардың кездесуі ғана емес, идеялармен алмасуға, шабыт алуға және бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін кәсіби алаң. Бұл жерде шығармашылық кәсіпкерлер қолдау тауып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, өз армандарын нақты жобаларға айналдырады», – деді Media Marketing агенттігінің CEO-сы Шынар Жәнібекова.