АҚШ Швейцариядан импортталатын 1 килограмдық алтын құймаларына кедендік баж салығын енгізетіні туралы жаңалықтардан кейін алтын бағасы рекордтық деңгейге дейін өсті.
Жұма күнгі сауда-саттық барысында Comex биржасында желтоқсан айындағы фьючерстік келісімшарттар бойынша алтын бағасы бір унция үшін 3534,1 долларға дейін көтеріліп, тарихи максимумға жетті.
АҚШ-тың Кедендік және шекаралық қызметі 1 кг және 100 унциялық (2,8 кг) алтын құймаларын 31 шілдеде қабылданған ережеге сәйкес кедендік баж салығы салынатын тауарлар санатына жатқызу керек деп мәлімдеді. Бұл шешумен Financial Times басылымы танысқан. Кеден шешімі алтын саласы үшін күтпеген жағдай болды. Сарапшылар бұл типтегі алтын құймалары АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген жаңа баж салығына жатпайтын басқа кедендік код бойынша жіктеледі деп ойлаған.
1 килограмдық құймалар — әлемдегі алтын фьючерстерінің ең ірі нарығы болып саналатын Comex биржасындағы саудада ең жиі қолданылатын пішін. Олар Швейцариядан АҚШ-қа экспортталатын алтын құймаларының негізгі бөлігін құрайды.
Вашингтон мен Берн арасындағы қарым-қатынастар өткен аптада АҚШ Швейцария өнімдеріне 39% мөлшерінде импорттық баж салығы енгізгеннен кейін нашарлады. Кеден деректеріне сәйкес, алтын — Швейцарияның АҚШ-қа экспортындағы негізгі тауарлардың бірі.
«Швейцариялық аффинаж зауыттарында қайта өңделіп, АҚШ-қа экспортталатын қымбат металдар баж салығынсыз жеткізіледі деген пікір басым болды», — дейді Швейцария қымбат металдар өндірушілері мен трейдерлері қауымдастығының президенті Кристоф Вильд.
Оның ойынша, баж салығын енгізу Швейцария мен АҚШ арасындағы алтын саудасына «тағы бір соққы» болды.