Astana International Forum – 2025 аясында өткен сессияда Power International Holding компаниясының Қазақстандағы төрағасы - басқарушы директоры Амер Махасен елімізбен ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға ниетті екенін мәлімдеп, бірқатар стратегиялық жобаларды таныстырды.
Power International Holding (PIH) — 19-дан астам елде жұмыс істейтін, әртараптандырылған катарлық холдинг. Компания Қазақстанда таза энергия, ақылды инфрақұрылым және тұрақты урбанистика бағыттарындағы бастамаларды қолдап, энергетикалық байланысты нығайтуға үлес қоспақ.
«Қазақстан нарығына шығу — PIH үшін тек географиялық кеңею емес. Бұл — елдің болашағына деген сенім мен тұрақты құндылық қалыптастыруға бағытталған міндеттемеміздің көрінісі. Біз инфрақұрылымға, адам капиталына және орнықты келешекке инвестиция сала отырып, өңірлік энергетикалық байланысты нығайтуға үлес қосуға дайынбыз», — деп атап өтті Амер Махасен.
PIH тобы «Самрук-Энерго» компаниясымен бірлесіп, Қызылорда облысында 1 100 МВт қуаттылықтағы парогаз электр станциясын (CCGT) салу жобасын іске асыруда. Сонымен қатар, «QazaqGaz» ҰҚ» АҚ және ҚР Энергетика министрлігімен бірлесіп:
- жылына 1 және 2,5 млрд текше метр газ өңдейтін екі зауыттың құрылысын;
- жаңа компрессорлық станция (КС-14) мен Ақтөбе – Қостанай магистральді газ құбырының дамуын;
- Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырының кеңеюін жүзеге асыруда.
Энергетикадан бөлек, PIH компаниясы телекоммуникация секторына да инвестиция салуда. Altel/Tele2 Kazakhstan операторларын сатып алу арқылы цифрлық инфрақұрылымды жаңғыртып, ел бойынша интернетке тең қолжетімділік пен цифрлық инклюзивтілікті қамтамасыз етуді көздеп отыр.
Компания сондай-ақ тау-кен өндірісі, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларындағы жобаларды қарастырып, Қазақстанның ұлттық басымдықтарына жауап беретін инвестициялық серіктестікке ашық екенін жеткізді.