Гонконгтық Jiaxin International Resources Investment компаниясы AIX биржасында IPO-ға қатысу үшін өтінім қабылдаудың басталғанын жариялады.
Өтінімдерді қабылдау 2025 жылғы 20 тамызда басталып, 25 тамызда аяқталады. Орналастыру қосарлы форматта өтеді – компания акциялары бір мезгілде Гонконг қор биржасында да саудалана бастайды.
Jiaxin International Resources Investment Қазақстанда «Жетісу Вольфрам» компаниясына иелік етеді. Ол Алматы облысындағы Бұғыты кен орнында вольфрам өндірумен айналысады.
Қытайдың бағалы қағаздар нарығын реттеу комиссиясының ресми хабарламасына сәйкес, компания Гонконгта – 124 млн акцияны, ал AIX-те – 1,3 млн акцияны орналастыруды жоспарлап отыр.
Астаналық биржада ең төменгі сатып алу лоты – 400 акция. 400 акциядан жоғары өтінімдер тек 400-дің еселенген мөлшерінде қабылданады (мысалы, 800, 1 200, 1 600 акция және т.б.).
Бағалы қағаздардың құны әзірге белгісіз – ол букбилдинг басталғанға дейін жарияланады.
Jiaxin International Resources Investment Ltd. – вольфрам рудасын өндіру бойынша әлемдік көшбасшы. Компания өндірістің толық тізбегін қамтиды: геологиялық барлау, кен өндіру, руданы байыту және вольфрам өнімдерін балқыту.