Алматы облысында елдегі алғашқы аутлет салынады

Алматы облысында елдегі алғашқы аутлет салынады

Астанада өткен Халықаралық форум (AIF) аясында елімізде алғашқы халықаралық аутлет-орталығын салу туралы Бас келісімге қол қойылды. Ауқымды жоба Алматы облысында QSM тобының бастамасымен жүзеге асырылады. Жобаның стратегиялық серіктесі ретінде коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығында 60 жылдан астам тәжірибесі бар аустриялық Ekazent Management GmbH компаниясы таңдалды. Келісімге қол қою рәсіміне Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қатысты.

Келісім аясында Ekazent Management GmbH компаниясы аутлет-орталықты орналастыруға ең қолайлы орынды анықтау мақсатында маркетингтік зерттеу жүргізеді. Сондай-ақ болашақ орталықтың архитектуралық және операциялық тұжырымдамасын әзірлеп, басқару стратегиясын қалыптастырады. Нысан іске қосылғаннан кейін оның күнделікті операциялық басқаруын да компания өз мойнына алады. Бұдан бөлек, компания халықаралық брендтер мен жалға алушыларды барлық коммерциялық алаңдарға тартумен айналысады.

Жалпы ауданы 80 мыңнан 120 мың шаршы метрді қамтитын аутлет-орталық аумағында сауда галереялары, қонақүйлер, қоғамдық тамақтану орындары, балаларға арналған ойын алаңдары мен басқа да қажетті инфрақұрылымдық нысандар орналаспақ.

«…Қазіргі таңда Орталық Азияда батыстық үлгідегі аутлет-орталықтар жоқ... Қазақстандық тұтынушылар брендтік тауарларға ерекше қызығушылық танытып, сән мен lifestyle мәдениетін жоғары бағалайды. Сонымен қатар, Алматы облысының Өзбекстан мен Қырғызстан астаналарына жақын орналасуы, Қытай, Түркия, БАӘ және Ресей бағытындағы логистикалық дәліздердің қиылысында орналасуы өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырады», – деді Арман Шаққалиев.

«..Жобаны алдағы екі жыл ішінде толық аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз», – деді The College Group компаниясының операциялық директоры Уилл Киффер.

Қазіргі таңда әлемдік аутлет-ритейл нарығының көлемі 100 млрд доллардан асып жығылады. Жыл сайын бұл нарық орта есеппен 5–7 пайыз өсіп отыр. Бұл өсім әсіресе Азия елдерінде айқын байқалады. Аутлет форматтарының танымалдығы брендтік өнімдерді төмен бағада ұсынуымен, туризм мен шопинг-туризмнің артуымен, сондай-ақ дағдарыс жағдайларында тұтынушылардың бағаға сезімталдығымен түсіндіріледі.

Қазақстандағы бұл бірегей жоба QSM тобына қарасты «Multibrand Holding» компаниясы арқылы жүзеге асырылады. Топ құрамына еліміздегі CFBO (Centralized Fulfillment by Operator) моделінде жұмыс істейтін алғашқы маркетплейс – TEEZ, онлайн-гипермаркет Clever және Clever Distribution атты FMCG өнімдерінің дистрибьюторы кіреді.