Микрокредит жай ақша ғана емес, жақсы өмірге апарар қадам. «Арнұр Кредит» МҚҰ Басқарма төрайымы Раушан Құрбаналиева әлеуметтік бастамалардың сенім орнатуға, аймақтарды дамытуға және бизнесті нығайтуға қалай көмектесетіні туралы айтып берді.
Бүгінгі таңда бизнестің құндылығы тек пайдамен ғана емес, оның қоғамға қосқан үлесімен де өлшенетін кезде, «Арнұр Кредит» микроқаржы ұйымы әлеуметтік жауапкершіліктің тұрақты өсудің қуатты тұтқасы бола алатынын көрсетіп отыр. 20 жылдан астам уақыт бұрын негізі қаланған және Қазақстанның оңтүстік өңірінде 25 мыңнан астам клиентті қамтитын компания бизнеске микрокредит беріп қана қоймайды — ол әсіресе ауылдық жерлерде салауатты, тұрақты қоғам қалыптастыруға көмектеседі. «Арнұр Кредит» бастамалары қаржылық сауаттылықтан бастап нақты арнайы қолдауға дейін ондаған саланы қамтиды және олардың әрқайсысы маркетинг емес, саналы стратегия. Бұл жөнінде басқарма төрайымы Раушан Құрбанәлиевамен сұхбаттасқан едік.
– Раушан ханым, «Арнұр Кредиттің» даму стратегиясындағы әлеуметтік жауапкершіліктің рөлі қандай?
– Біз үшін әлеуметтік жауапкершілік - бизнестің жай қосымшасы ғана емес, оның ажырамас бөлігі. Біз ауылдық жерде жұмыс істегенде микрокредит берумен ғана шектелуге болмайтынын әу баста түсіндік. Мұнда бәрі сенімге негізделген, сен жергілікті тұрғындарға шынайы сенімді серіктес болғың келсе, олармен бір қатарда болып, олардың қажеттіліктерін түсінуің керек. Сондықтан да біз білім беру бастамаларын, қайырымдылық акцияларын, қаржы сауаты мен цифрлық сауатты арттыру жобаларын қамтитын қолдау экожүйесін құрдық. Мұның бәрі бизнесімізге тікелей әсерін тигізеді: клиент қолдауды сезінгенде, оның тұрақтылығы арта түседі, яғни микрокредит тәуекелі төмендейді.

– Сіздер әлеуметтік жауапкершілік аясында бірқатар қайырымдылық бағдарламаларын жүзеге асырып жатырсыздар. Олар жайында толығырақ әңгімелеп берсеңіз.
– Иә, бізде «Адамдарға қуаныш сыйла» акциясы, Наурыз мейрамына арналған қайырымдылық акциялары, көп балалы отбасылардан шыққан балаларды мектепке дайындауға көмектесу сияқты жыл сайын өтетін бірнеше бастамамыз бар. Мысалы, Қарттар күнінде азық-түлік жинақтарын таратуды ұйымдастырсақ, 1 қыркүйекте мектеп оқушыларына қолдау көрсетуді дәстүрге айналдырамыз. Бұл шаралардың бәрі компания есебінен жүзеге асырылады және ең бастысы, оларға біздің қызметкерлеріміз белсене атсалысады. Бұл ұжымды біріктіреді және біртұтас болу сезімін тудырады. Біз бизнес пен қоғамды бөліп қарамаймыз - біте қайнасып өмір сүреміз.
Мысалы, 1 қыркүйек қарсаңында көп балалы отбасыларға қолдау көрсетіп, балаларды мектеп сөмкелерімен, оқуға керек-жарақтарымен қамтамасыз еттік. Бұл ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін, бірақ нақты бір отбасы үшін - үлкен көмек. Немесе біздің тренингтерден кейін әлеуметтік желіде интернет-дүкен ашып, логистикалық шығындарын азайтқан ауылдағы әйелді мысалға келтіруге болады. Біз мұндай оқиғаларды жиі көреміз.
– Осы бағдарламалардың арқасында ұжымда, қоғамда қандай өзгерістер байқадыңыз?
– Бағдарламалардың әсері орасан зор. Қызметкерлеріміз кәсіби маман болып қана қоймай, үлкен миссияның бір бөлшегіне айналады. Атқарып жатқан істері үшін мақтаныш сезіміне бөленеді. Ал клиенттер бізді ресми құрылым ретінде емес, сенім артуға болатын серіктес ретінде қабылдайды. Біздің цифрлық сауаттылық және интернет желісін қолдану бойынша тренингтеріміз клиенттердің алдынан жаңа мүмкіндіктер ашады. Мысалы, Сарыағаш ауданында бір әйел өзінің жылыжайына арнап Instagram парақшасын жүргізе бастады. Бұл - клиенттің табысқа жетуі ғана емес, өмірге және бизнеске деген көзқарасының өзгеруі. Бізде осындай жүздеген оқиға бар.
Немесе, мысалы, бұрын базарда киім сатып жүрген әйел біздің тренингтерімізден кейін ауылда фитнес залын ашты. Бұл - ұсақ кәсіпкерден өз ортасындағы әлеуметтік белсенді тұлғаға айналудың таңқаларлық үлгісі. Ол алған білімі мен қолдауының арқасында бизнесін кеңейтіп қана қоймай, өзгелерге шабыт сыйлады.
– Қызметкерлердің осындай бастамаларға қатысуы олардың кәсіби ынтасына қалай әсер етеді?
– Өте қатты әсер етеді. Біз қызметкерлеріміздің белсенділігі мен бастамашылдығы артып келе жатқанын көріп отырмыз. Бізде тіпті DЕMEU атты ішкі жобамыз пайда болды, бұл жоба аясында әрбір қызметкер төрт бағытта: білім беру, денсаулық сақтау, балаларды дамыту және саяхаттау бағыттарында қолдау ала алады. Бұл өзін-өзі бағалауды да, компанияға деген адалдықты да арттырады. Жұмысының еңбекақы түрінде пайда әкеліп қана қоймай, адамдардың өмірін шынымен өзгертетініне сенімді болу адамның ынтасын арттырады.
– Әлеуметтік жауапкершілік саласында қандай жаңа бағыттарды дамытуды жоспарлап отырсыздар?
– Бізде ESG стратегиясы бар және біз «жасыл қаржыландыруды» дамытуымызды жалғастырамыз, бұл - тамшылатып суару немесе органикалық егіншілік сияқты экологиялық тұрақты технологияларға берілетін микрокредиттер. Бұған қоса, Qoldau-Bikesh бағдарламасын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл бағдарлама ауылдық жерлердегі әйелдерге микрокредит алып қана қоймай, оқытудан өту, кеңес алу, нетворкингке қатысу мүмкіндігін береді. Біз әлеуметтік жауапкершілік қайырымдылық жасаумен ғана шектелмей, әр басқан қадамымыз тұрақты дамуға үлес қосатын жүйеге айналғанын қалаймыз.
Тағы бір бағыт — білім беру бағдарламаларын күшейту. Біз әйелдер мен жастарға арналған «шағын МВА» жобасын іске қостық, онда экономика негіздерін, жобаларды басқаруды және жасанды интеллектпен жұмыс істеуді үйретеміз. Бұл адамдарға өз болашағын өзгертуге нақты мүмкіндік береді.
Раушан Құрбанәлиевамен болған сұхбат «Арнұр Кредиттің» жай ғана қаржылық ұйым емес, өзгерістердің белсенді қатысушысы екенін тағы да растайды. Банктердің мүддесі аяқталған жерде қоғамның күшіне және әр адамның үлесіне сенетіндердің жұмысы басталады. Бұл жерде әлеуметтік жауапкершілік жай ғана стратегия емес — көшбасшылық стратегиясы.