АХҚО қатысушылары жарты жылда 70 млрд теңге салық төледі

АХҚО қатысушылары жарты жылда 70 млрд теңге салық төледі

Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) 2025 жылдың алғашқы алты айындағы қызметінің қорытындыларын жариялады.

Қаңтар-маусым аралығында АХҚО-ға 567 жаңа компания қосылды. Оның ішінде 4 финтех-компания, қызмет көрсетуші ұйымдар секторынан (ASP) 5 компания және қаржылық лицензиясы бар 7 компания бар. Қатысушылардың жалпы саны 85 елден 4030 компанияға жетті.

АХҚО экожүйесі арқылы 6 ай ішінде ел экономикасына 2,6 млрд АҚШ доллар инвестиция келді. Жалпы тартылған инвестициялар көлемі 16,9 млрд АҚШ долларынан асты.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында АХҚО-да тіркелген компаниялар мемлекет бюджетіне 70 млрд теңгеден аса көлемде салық төледі (алдын ала деректер бойынша).

АХҚО экожүйесінде 10 мыңға жуық жұмыс орны құрылды (Қаржы орталығы құрылған сәттен бастап).

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Astana International Exchange биржасындағы сауда айналымы шамамен 729 млн АҚШ долларын құрады (2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда +3,2%). Жаңа листингтер саны екі есеге жуық артты.

Биржа іске қосылғаннан бері тартылған капитал көлемі 8,9 млрд АҚШ долларына жетті, оның 1,9 млрд доллары 2025 жылдың бірінші жартысында тартылды.