«Астана» халықаралық қаржы орталығы өз дамуында маңызды кезеңге жетті – тіркелген компаниялардың саны 4 мыңнан асты. 2025 жылдың басынан орталықтың тәуелсіз реттеушісі – Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) 505 жаңа қатысушыны тіркеді, бұл 2024 жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткіштен 12%-дан астам жоғары.
2015 жылы құрылып, 2018 жылы іске қосылған сәттен бастап АХҚО тұрақты өсім көрсетіп келеді. 1000 тіркелген компания межесіне үш жылдан аса қызметтен кейін - 2021 жылдың қыркүйегінде қол жеткізілсе, келесі екі жылда, яғни, 2023 жылдың шілдесінде 2000 компания, ал бір жылдан кейін, 2024 жылдың тамызында АХҚО юрисдикциясында 3000 компания тіркелді. Ал енді бір жылдан аз уақыт өткен соң – 2025 жылдың маусымында 4000 қатысушы белесі еңсерілді.
Жаңадан тіркелген компаниялардың көбі қаржы қызметтері, пайдалы қазбаларды барлау және өндіру, өнеркәсіптік өндіріс және сауда-саттық салаларында жұмыс істейді.
Бүгінде АХҚО-да әлемнің 84 елінен келген компаниялар тіркелген. Компаниялар саны бойынша алғашқы ондыққа Қытай, Ресей, Ұлыбритания, АҚШ, Түркия, Сингапур, БАӘ, Үндістан, Кипр және Нидерланды кіреді. АХҚО қатысушылары реттелетін қаржы институттары, финтех-стартаптар, нарықтық инфрақұрылым провайдерлері, қосалқы қызметтер және басқа да бағыттар ретінде әртүрлі ұйымдық-құқықтық нысандарында жұмыс істейді.