2024 жылы қай көлік брендтері мен модельдері ең көп сатылды?

2024 жылы қай көлік брендтері мен модельдері ең көп сатылды?

«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) берген мәлімет бойынша, былтыр ресми дилерлер 205 111 жаңа автомобильдің кілтін тапсырды (+3,2%). Бұл 2023 жылдың төртінші тоқсандағы сатылымдардың қарқынды өсуімен салыстырмалы ұқсас. 

Желтоқсанда 25 570 көлік өткен, бұл 2023 жылғы сол аймен салыстырғанда 8,6% жоғары көрсеткіш. Биылғы сауда – Қазақстан авторитейлінің тарихындағы ең жақсы нәтиже.

«Бастапқыда сауда аз болғанымен, 2024 жылы бәсеке күшейіп, өндірушілер мен дилерлер тиімді ұсыныстарды көптеп жасады. Үкімет, Қаржы нарығын реттеу агенттігі, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары бірлесе жұмыс атқарып, бастапқы жарнаның болмауы, бөліп төлеу мүмкіндігі сияқты қаржыландыру шараларын жүзеге асырды. Сатып алушыларға жақсы жағдай жасалды. Мұның нәтижесі де көп күттірген жоқ. Автомобиль нарығы екінші жыл қатарынан рекорд жасап келеді», — дейді ҚАО президенті Анар Мақашева.

2024 жылы Қазақстандағы ең танымал көліктер арасында екінші рет Hyundai (нарықтағы үлесі 21,6%) көшбасшы атанды. Қаңтар мен желтоқсан аралығында брендтің 44 218 автомобилі өтті, көбін Алматыдағы кәсіпорындар құрастырған (былтырғы нәтижемен салыстырғанда -5,4%). 

Екінші орын Қостанайдағы Chevrolet еншісінде (30 927; -32,5%). 

Үшінші орын 23 045 өнімі иесін тапқан Kia-ға бұйырды (-9,6%). 

Ал Chery бұл жолы төртінші орынға тұрақтады (14 883; +21,7%).

Бұрын жетінші қатарда тұрған қостанайлық Jac бесінші сатыға көтерілді (11 771; +56,7%). 

11 045 көлігі саудаланған Toyota алтыншы орынды қанағат тұтты (+2,7%). 

Жетінші орынға жайғасқан Haval-дың дилерлері 10 983 көлік сатты (+45,3%).

Бұдан бөлек табысты брендтер ондығына Jetour (9 507; +141,9%), Changan (8 510; +39,8%) және Geely (8 252; +126,5%) кірді.

Қазақстан автонарығында Қытай брендтерінің үлесі артып, соңғы төрт жылда 39%-ға жетті, әлі де саудасы қызып тұр. Бұл әлемдік үрдіс, қазір Қытай ең ірі автоөндірушіге айналды. Дәстүрлі қозғалтқышпен жүретін көліктерден бөлек нарықта гибрид және электромобиль бар. Ең танымал электрлі машина – Zeekr, ресми сатушылар бір жылда 809 электромобиль сатқан. Биыл BYD ресми саудасын бастады.

«Жалпы нарықта сатып алушылардың брендтерге де, модельдерге де қатысты талғамы өзгергені байқалды. 2025 жылы нарық құрылымы өзгеріп, жергілікті өндіріс қарқынды дамиды деп күтіп отырмыз, себебі модельдік қатар кеңейіп жатыр»,  дейді ҚАО президенті Анар Мақашева.

2024 жылғы ең танымал 10 модель қатарын әдеттегідей Chevrolet Cobalt (26 537), Hyundai Tucson (22 389) және Kia Sportage (8 834) бастап тұр. Сонымен қатар тізімде Hyundai Elantra (6 520), Chery Tiggo 2 (5 310), Haval M6 (5 185), Chery Tiggo 7 Pro (4 907), Jac J7 (4 585), Hyundai Santa Fe (4 423) және Kia Sorento (4 208) бар.