Зейнетақы ақшасын үй мен оқуға алуға рұқсат етілуі мүмкін

Қазақстанда зейнетақы жүйесін жаңғырту аясында Сингапурдың тәжірибесіне негізделген жаңа модель қарастырылып жатыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Арнайы жұмыс тобының отырысында таныстырылған жобаға сәйкес, азаматтардың міндетті зейнетақы жинақтары үш шотқа бөлінеді. Соның нәтижесінде салымшылар зейнет жасына дейін жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, білім алуға, медициналық шығындарды өтеуге және инвестициялауға пайдалана алады.

Жұмыс тобы Сингапур моделінен бөлек тағы бірнеше реформалық нұсқаны қарастыруда.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры зейнетақы төлемінің мөлшерін азаматтың орташа айлық табысының медианалық жалақыға қатынасына және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына байланысты есептеуді ұсынды. Бұл тәсіл ынтымақты зейнетақы құрамдасын күшейтуге бағытталған.

Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) жұмыс берушінің 5% міндетті зейнетақы жарнасының 4%-ын азаматтың жеке жинақтау шотына, ал 1%-ын сақтандыру қағидатына негізделген ынтымақты қорға аударуды ұсынды. Бұл модель жинақтаушы жүйені өмір бойғы төлемдермен ұштастыруды көздейді.

Еңбек министрлігі барлық ұсыныстар әзірге сараптамалық талқылау кезеңінде екенін атап өтті. Зейнетақы жүйесін реформалау бойынша түпкілікті шешімдер жан-жақты талдау аяқталғаннан кейін қабылданады.