Tansar Group JSC компаниялар тобы «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңында Tansar Islamic Bank Ltd ислам банкін құрды.
Жаңа банк 2026 жылғы 16 қазанда Астанада тіркелген. Оның жарғылық капиталы — 12 млн АҚШ доллары. Банктің бас атқарушы директоры (CEO) болып Рүстем Баймаханов тағайындалған.
Директорлар кеңесінің құрамына Ұлттық банктің бұрынғы төраға орынбасары, қазіргі Tansar Capital инвестициялық компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Есжан Біртанов кірді. Сондай-ақ кеңес құрамында Tansar Capital басқарма төрағасы әрі директорлар кеңесінің мүшесі Ержан Ағибаев және басқарма төрағасының орынбасары Айдос Мұсатаев.
Ислам банкі қандай қызмет көрсетеді?
AFSA мәліметінше, Tansar Islamic Bank шариғат талаптарына сәйкес қаржыландыруды және клиенттердің қаражатын басқаруды жүзеге асырады.
Банктің қызмет бағыттарына мыналар кіреді:
▪️ Шариғат қағидаттарына сәйкес қаржыландыру;
▪️ Клиенттердің қаражатын басқару;
▪️ Төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру;
▪️ Валюта айырбастау операциялары;
▪️ Белгіленген инвестициялық мандаттар аясында пайдасы бөлінетін мақсатты инвестициялық шоттарды басқару.
Соңғы қызмет түрі АХҚО-ның Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің (AFSA) рұқсатын алғаннан кейін және тиісті нормативтік талаптар сақталған жағдайда жүзеге асырылады.
Tansar Group туралы не белгілі?
Tansar Group тобының еншілес компаниясы — Tansar Capital инвестициялық компаниясы. Ол 1995 жылғы шілдеде құрылған және бұрын Caifc Investment Group атауымен жұмыс істеген.
Компанияның 2025 жылғы аудиттелген есептілігіне сәйкес, оның Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген брокерлік және дилерлік қызметке, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензиялары бар. Бұдан бөлек, компания шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүргізуге лицензия алған.
Tansar Capital Қазақстан қор биржасының (KASE) және АХҚО-ның мүшесі.