Қазақстан Ұлттық банкі сот орындаушыларының өкімі бойынша қарызды өндіріп алу кезінде борышкердің банктік шотында ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең соманы сақтауды ұсынды. Сонымен қатар реттеуші борышкердің барлық банктік шотын бір уақытта бұғаттау тәртібін өзгертуді көздеп отыр.
Бұл туралы Ұлттық банк әртүрлі партия өкілдерінен құралған Құрылтай депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді. Депутаттар несие, салық және басқа да міндеттемелер бойынша берешегіне байланысты банктік шоттары бұғатталған немесе шектелген азаматтардың мәселесін көтерген.
Борышкердің шотында қанша ақша қалуы мүмкін?
Қазір берешекті өндіріп алу тәртібі қарызды кім өндіріп жатқанына байланысты өзгереді.
Банк клиенттің келісімімен және шарт негізінде мерзімі өткен несие берешегін өндіріп алған кезде заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерден түсетін қаражаттың 50%-нан астамын ұстай алмайды. Бұл ретте клиенттің шотында ай сайын екі ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең, яғни кемінде 101,7 мың теңге қалуы керек.
Ал сот орындаушылары инкассалық өкім арқылы берешекті өндірген кезде басқа талаптар қолданылады. Заң бойынша борышкердің жалақысы немесе өзге де табысының кемінде 50%-ы өзінде қалуға тиіс. Сонымен қатар қалған сома бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз болмауы керек.
Алайда бұл кепілдіктер табыстан ұстап қалуға қатысты қолданылады. Борышкердің банктік шотында бұрыннан жатқан ақшаға мұндай талаптар жүрмейді. Сондықтан банктер сот орындаушыларының инкассалық өкімдерін орындау кезінде шоттағы қаражатты есептен шығара алады.
Барлық шотты бірден бұғаттамау ұсынылды
Қазіргі тәртіп бойынша сот орындаушылары борышкердің әртүрлі банктердегі барлық шотына бірдей тыйым сала алады. Соның салдарынан бұғатталған қаражаттың жалпы сомасы берешек көлемінен бірнеше есе асып кетуі мүмкін.
Осы мәселелерді шешу үшін Ұлттық банк «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» және «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңдарға өзгерістер енгізуді ұсынды.
Ұсыныстарға сәйкес:
Борышкердің шотында ақша қалдыру. Сот орындаушыларының өкімдері орындалған кезде борышкердің банктік шотында бір ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең қаражат сақталуы мүмкін. 2026 жылы бұл сома — 50 851 теңге.
Шоттарды бұғаттау тәртібін өзгерту. Банк сот орындаушысының шотқа тыйым салу туралы қаулысын бір шот арқылы орындап, қалған шоттарға қатысты қаулыларды кері қайтара алады.
Ұлттық банк тиісті ұсыныстарды Әділет министрлігіне жолдаған. Реттеуші қажетті заңнамалық өзгерістерді әзірлеу үшін мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұл әзірге Ұлттық банктің ұсынысы. Өзгерістердің күшіне енуі үшін заңнамаға тиісті түзетулер енгізілуі қажет.