2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда қайырымдылық саласына арналған бірыңғай цифрлық ресурс жұмыс істей бастайды. Онда қайырымдылық ұйымдары өз қызметі туралы ақпарат пен жылдық есептерін қазақ және орыс тілдерінде жариялауға міндетті.
Бұл талап Мәдениет және ақпарат министрінің 2026 жылғы 9 қазандағы бұйрығында көзделген.
Цифрлық ресурсты құрудың мақсаты – қайырымдылық қызметінің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету. Платформада жарияланған барлық мәлімет көпшілікке қолжетімді болады.
Қайырымдылық ұйымдары қалай тіркеледі?
Цифрлық ресурсқа тіркелу үшін қайырымдылық ұйымы электрондық өтінім беруі керек. Оған мынадай құжаттар қоса тіркеледі:
▪️ Ұйымның құрылтай құжаттары;
▪️ Заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуден өткенін растайтын анықтама.
Тіркеуден кейін уәкілетті орган ұйымға цифрлық ресурстағы жеке кабинетіне қол жеткізу мүмкіндігін береді.
Ұйым тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жеке кабинетіне өз қызметі туралы мәліметтерді орналастыруы тиіс.
Жылдық есеп қашан жарияланады?
Қайырымдылық ұйымдары бастапқы ақпаратты жариялаумен шектелмей, жыл сайын қызметінің қорытындысы бойынша есеп беруге міндетті.
Есепті жариялаудың соңғы мерзімі – әр жылдың 31 наурызы. Құжат қазақ және орыс тілдерінде дайындалуы қажет.
Осылайша, бірыңғай цифрлық ресурс қайырымдылық ұйымдарының қызметі мен жылдық есептілігін жариялауға арналған ашық платформаға айналады.