Зейнетақы қаражатын толық жеке басқарушыларға беруге болады

Қазақстандықтар енді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) зейнетақы жинақтарының 100%-ын инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) сенімгерлік басқаруына бере алады. Мұндай түзетулерді Сенат мақұлдады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Telegram-арнасында хабарлады.

Оның айтуынша, қазіргі таңда БЖЗҚ активтерінің негізгі бөлігін Ұлттық банк басқарады. Бұған дейін салымшылар инвестициялық портфельді басқарушыларға жинақтарының тек 50%-ын ғана аудара алатын болса, жаңа түзетулер бұл шектеуді алып тастауды көздейді.

Депутаттың айтуынша, өзгерістер азаматтарға өз қаражатын басқару тәсілін таңдауға мүмкіндік береді. Яғни салымшылар зейнетақы жинақтарын толықтай Ұлттық банктің басқаруында қалдыра алады немесе 100%-ын инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға сеніп тапсыра алады.

Сондай-ақ азаматтар өздерінің тәуекел деңгейіне сәйкес инвестициялық стратегияны таңдай алады. Мәселен, қаражаттың белгілі бір бөлігін жоғары тәуекелді әрі жоғары табысты құралдарға, ал қалғанын консервативті немесе орташа тәуекелді активтерге бағыттау мүмкіндігі қарастырылған.

Сонымен қатар заңнамада салымдардың номиналды құнын сақтау жөніндегі міндеттеме сақталады. Инвестициялық портфельді басқарушылардың қызметіне Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бақылау жүргізуді жалғастырады.

Заң күшіне енуі үшін оған Президент қол қоюы қажет.