Қазақстандықтарға баспана немесе емделуге пайдалану үшін БЖЗҚ-дан мерзімінен бұрын алуға болатын сома азаюы мүмкін.
Атап айтқанда, зейнетақының жеткіліктілік шегі өзгермек. Бұл – зейнетақы жинағынан төмен түсіп кетуге болмайтын ең төменгі сома.
Негізгі өзгеріс – есептеу кезінде бұрынғы модельдің орнына медианалық жалақыны негізге алу ұсынылуда. Қазір оның көлемі шамамен 340 мың теңге.
Бұл маңызды, себебі дәл осы көрсеткіш адамның зейнетақы қорынан қанша ақша шеше алатынын анықтайды.
Қазір БЖЗҚ-ның ұстанымы бойынша, қолданыстағы жүйе болашақта жеткілікті зейнетақыны толық қамтамасыз етпейді.
Қор есебіне сәйкес, егер қазақстандық жинағын қазіргі шекке дейін азайтып алса, кейін шамамен күнкөріс деңгейіндегі төлемге ғана үміт арта алады. Қазіргі есеппен бұл шамамен 50 мың теңге.
Жаңа модель болашақ зейнетақыны халықаралық стандартқа – табыстың шамамен 40%-на жақындатуды көздейді.
БЖЗҚ мәліметінше, жеткіліктілік шегі Қазақстан халқының демографиялық деректері мен БҰҰ жаңартып отыратын халықаралық статистика негізінде есептеледі. Соның арқасында болашақ зейнетақы мөлшері азаматтар үшін болжамды болып, ЭЫДҰ елдерінің көрсеткіштеріне біртіндеп жақындайды.
Яғни, егер сіз зейнетақы жинағының бір бөлігін пәтер, ипотека немесе емделуге пайдалануды жоспарласаңыз, қолжетімді сома азаюы мүмкін.
Мысалы, бұрын жеткіліктілік шегінен асқан бірнеше миллион теңгені шешуге мүмкіндік болса, жаңа өзгерістерден кейін оның бір бөлігін қорда қалдыру қажет болады.
Дегенмен, мерзімінен бұрын пайдалану тетігі жойылмайды. Тұрғын үй мен емделуге ақша алу мүмкіндігі сақталады, бірақ шешіп алғаннан кейін шотта жаңа белгіленетін «қол сұғылмайтын» сома қалуы тиіс.