Автор: Балнұр Тұрғұнбай
Economist.kg басылымының ақпаратынша, жақында Қырғызстанда санкциялық тәуекелі бар 50 компанияның қызметі тоқтатылды. Елдің Әділет министрлігі бұл шешімді халықаралық санкция талаптарына байланысты қабылдағанын мәлімдеді. Бұл жағдай Орталық Азия елдеріне Батыстың санкцияны айналып өту әрекеттеріне бақылауды күшейтіп жатқанын көрсетті.
Соңғы жылдары Ресейге қарсы санкциялар күшейген сайын, Орталық Азия мемлекеттері де халықаралық назарға іліге бастады. Әсіресе, Қырғызстан мен Тәжікстан банктерінің Еуропалық Одақ санкция тізіміне енуі аймақтағы қаржы жүйесіне қатысты сұрақтарды көбейтті.
EU Sanction Map дерегінше, 2025 жылдың қарашасында Еуропалық Одақ тарихында тұңғыш рет Орталық Азия елдерінің банктеріне тікелей санкция салды. Қырғызстандық Tolubay Bank пен Eurasian Savings Bank, сондай-ақ тәжікстандық үш ірі банк - Dushanbe City Bank, Spitamen Bank және Commercebank of Tajikistan - транзакция тыйымына ұшырады. Бұл банктер енді ЕО-дағы ешбір банкпен ақша аудара алмайды.
2026 жылдың сәуірінде ЕО санкциясы одан әрі кеңейе түсті. Қырғызстандағы Keremet Bank пен Capital Bank of Central Asia тізімге кірді, ал Tengricoin атты крипто платформасы да шектеуге алынды. Сонымен бірге ЕО Қырғызстанға арнайы сауда тыйымын жариялады, яғни елге компьютерлік станоктар мен байланыс жабдықтарын сатуға шек қойылды. Алайда, Қырғыз Президенті Садыр Жапаров санкцияларды негізсіз деп атады.
Ал Тәжікстан қарсылық білдірмей, Еуропалық Комиссиямен диалог бастады. Банктер халықаралық комплайенс стандарттарын - яғни күдікті транзакцияларды анықтау және тоқтату ережелерін енгізді. Бес айдың ішінде, 2026 жылдың сәуірінде, үш тәжік банкінің атауы санкция тізімінен алынды.Бұл жағдаят Орталық Азия үшін ерекше мысал. Тәжікстан санкцияға кіріп, дипломатиялық жолмен шыққан бірінші Орталық Азия елі болды.
Өзбекстан тізімге мүлде кірмеді. Өзбекстан Орталық Банкінің басшысы Тимур Ишметов мұны санкцияланған ұйымдармен жұмыс жасамайтын қатаң ішкі ережемен түсіндірген еді. Оның үстіне 2025 жылдың қазанында Президент Мирзиёев Брюссельге ресми сапармен барып, ЕО-мен 40 миллиард еуролық серіктестік келісіміне қол қойды. Дипломатиялық қарым-қатынас пен іскерлік ынтымақтастық санкциядан қорғаудың ең тиімді жолы екені осы жолы да дәлелденді.
Қазақстан тізімге тікелей кірген жоқ. Алайда, Ресейдің VTB банкінің Қазақстандағы еншілес компаниясы VTB Bank Kazakhstan 2025 жылдың желтоқсанынан санкция тыйымына ұшырады. Бұл Қазақстандық емес, Ресейлік банк филиалы болғандықтан Астана жағдайды тыныш қабылдады.
Экономист Бауыржан Ысқақтың пікірінше, ЕО-ның Қырғызстан мен Тәжікстан банктеріне санкция енгізуі Қазақстан үшін де жанама тәуекелдер туғызады, себебі Орталық Азияның қаржы жүйелері мен сауда арналары өзара байланысты.
«Егер аймақта санкцияны айналып өту жоғары деп бағаланса, халықаралық қаржы институттары бүкіл өңірге сақтықпен қарай бастайды, бұл Қазақстан банктеріне халықаралық төлемдер мен корреспонденттік қатынастар жүргізуде тексерістің күшеюіне әкелуі мүмкін. Сарапшы Қазақстанның санкциялық қысымға ұшырамас үшін қаржы мониторингі мен комплайенс жүйесін нығайту, сыртқы сауданы Еуропа, Түркия, Парсы шығанағы және Оңтүстік Азия бағыттарына әртараптандыру, сондай-ақ халықаралық серіктестерге санкцияны айналып өту алаңы емес екенін нақты дәлелдейтін ашық экономикалық саясат жүргізу қажет деп санайды. Орталық Азия Ресеймен де, Еуропамен де байланысты сақтап қала алады. Бірақ ол нәзік балансқа айналып отыр», - дейді ол.
Геосаяси жағдайда Қазақстан үшін ең тиімді бағыт экономикалық серіктестерді барынша әртараптандыру. Бірнеше нарық ерекше маңызды. Олардың қатарында Қытай - өндірістік, транзиттік бағыт бойынша стратегиялық әріптес. Еуропалық Одақ - технология, инвестиция, экспорт нарығы ретінде маңызды. Түркия - көлік, логистика, өңдеу өнеркәсібі бойынша перспективалық бағыт болса, Парсы шығанағы - исламдық қаржы, инфрақұрылым, аграрлық өнеркәсіп үшін маңызды. Оңтүстік және Оңтүстік-шығыс Азия жаңа экспорттық бағыттар ретінде қарқынды дамып жатыр.
Қазақстан үшін басты міндет - тек шикізатқа емес, өңдеу өнеркәсібіне, транзитке және технологиялық өзгерістерге сенетін моделді экономиканы күшейту. Сонда саяси қысымдарға төзімділік арта түседі.