«Заңға қайшы емес»: BI Group пен BAZIS премьердің айыптауына жауап берді

«Заңға қайшы емес»: BI Group пен BAZIS премьердің айыптауына жауап берді

БАҚ-та жарияланған ақпаратқа сәйкес, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің жұмыс кеңесінде бірқатар компаниялар салықты толық төлеп жатқандығына күмән келтірілген, аталған компаниялар қатарында BI Group пен BAZIS туралы да айтылған. Осыған қатысты қос компания мәлімдеме жасады.

«Біздің компанияның салық аударымдарын уәкілетті органдар үнемі тексеріп отырады және тексеру қорытындылары бойынша шағымдар түспеген. Компания соңғы 10 жылда жыл сайын KPMG және Ernst & Young тәуелсіз халықаралық аудиторлық компанияларының қаржылық есептілік аудитінен өтеді.

Біз күмән тудырған компаниялар қатарына BI Group-ты неліктен қосқанын түсінбедік және компания жұмысының ашықтығы мен адалдығын дәлелдейтін барлық қажетті ақпаратты ұсына отырып, ашық диалогқа дайын екенімізді растаймыз», — деп жауап берген BI Group бизнесті бөлгенін нақты жоққа шығармады.

Ал BAZIS компаниясы бизнесті бірнеше компанияға бөлу заңға қайшы емес екенін мәлімдеген.

«Сондай-ақ BAZIS құрылымында еншілес ұйымдардың болуы бизнесті бөлудің тәсілі емес екенін түсіндіргіміз келеді. Бұл талап үлестік қатысу туралы заңға байланысты, ол әрбір жаңа тұрғын үй құрылысы жобасы бойынша жеке заңды тұлға құруды талап етеді. Бұл Қазақстан заңнамасында белгіленген құқықтық норма және біз оны мүлтіксіз орындаймыз», — деп жауап берген BAZIS.