Қазақстанда ауыл шаруашылық дрондар құрастырыла бастайды

Үкімет Қазақстанда 2029 жылға дейін ұшқышсыз жүйелерді дамыту жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. 2026 жылғы 13 қазандағы Үкіметтің №898 қаулысына сай, саланың құқықтық негізін қалыптастыру, инфрақұрылымды дамыту және ұшқышсыз технологияларды экономиканың түрлі салаларына енгізу көзделген.

Жоспар бойынша:

  • ұшқышсыз жүйелерді реттейтін нормативтік-құқықтық база жетілдіріледі;

  • ұшқышсыз жүйелерге арналған бірыңғай цифрлық платформа іске қосылады;

  • ұшқышсыз авиациялық жүйелерді басқаруға арналған UTM жүйесі енгізіледі;

  • ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысатын кемінде 2 орталық құрылады;

  • кемінде 1000 маман даярланады;

  • ұшқышсыз жүйелерді құрастыру, сынақтан өткізу және жөндеу қызметтері жергіліктендіріледі;

  • маңызды компоненттер, қорғалған бағдарламалық қамтамасыз ету және жасанды интеллект модельдерін отандық өндірісте әзірлеу қолға алынады.

Ұшқышсыз технологиялар қай салаларда қолданылады?

Жоспар бойынша бұл жүйелер ауыл шаруашылығына, көлік пен логистикаға, мемлекеттік қызметтерге және өнеркәсіпке енгізіледі.

Сонымен қатар мемлекет, бизнес, университеттер, ұлттық компаниялар және «Астана Хаб» халықаралық технопаркі қатысатын ұлттық нарық қалыптастыру көзделген.

Үкіметтің мәліметінше, бастаманың мақсаты – экономикалық тиімділікті арттырып, отандық өнімдердің экспорттық әлеуетін дамыту.