Қазақстандық ислам банкі Zaman Bank 505,7 млн теңгенің санкцияға іліккен ресейлік банктердегі шоттарда бұғатталғанын растады. Бұған дейін ақпарат құралдары осындай ақпарат таратқан еді.
Банк бұл сомаға резерв қалыптастырғанын, сондықтан аталған жағдайдың өзінің қаржылық жағдайына әсер етпегенін мәлімдеді.
«Zaman Bank халықаралық санкциялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету үшін санкциялық режимдер мен қаржы ұйымдарына және контрагенттерге қатысты шектеулерді тұрақты түрде бақылап отырады», — деп мәлімдеді банктің баспасөз қызметі.
Банк мәліметінше, жаңа санкциялық шектеулер енгізілген кезде бұрын басталған операцияларды аяқтауға белгілі бір өтпелі кезең берілуі мүмкін. Алайда осы уақыт ішінде қаражатты басқа қаржы ұйымдарына жедел аударып, жаңа шоттар ашу әрдайым мүмкін бола бермейді. Мұндай рәсімдер қосымша уақыт пен тиісті тексерулерден өтуді талап етеді.
Осының салдарынан кейбір қаражат уақытша қолжетімсіз болып қалуы мүмкін. Атап айтқанда, корреспонденттік шоттардағы санкциялық шектеулерге ұшыраған қаражат тиісті санкциялар алынғанға дейін іс жүзінде бұғатталған күйде қалады.
Zaman Bank мұндай қаражат бойынша тәуекелдерді бағалап, қажетті шараларды қабылдайды, соның ішінде резервтер қалыптастырады.
2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша санкциялық шектеулерге ұшыраған 505,7 млн теңге көлеміндегі қаражатқа 100% резерв қалыптастырылған. Осыған байланысты оның банктің қаржылық есептілігіндегі таза баланстық құны нөлге тең.
Банк санкциялық талаптарды сақтауды, санкциялық режимдердегі өзгерістерді бақылауды және осы тәуекелдерді барынша азайтуға бағытталған шараларды жалғастыратынын мәлімдеді.