Компания басшысы Уильям Лу Xiaomi SU7 Ultra моделінің премьерасы өткен Испаниядағы Mobile World Congress көрмесінде көліктерін шетелде саудалауды жоспарлапғанын айтты, деп хабарлайды CarNewsChina.
Уильям Лу Xiaomi электромобильдері сәтті шыққанын іс жүзінде дәлелдегенін атап өтті. Дегенмен үш жыл бұрын инвесторлар бұл жобаға күмәнмен қараған. Олар компания автомобиль нарығына кіру үшін оңтайлы сәтті жіберіп алды, электромобиль жобасының сәтсіздігі концерннің басқа да қызмет түрлеріне кері әсер етеді деп болжаған.
Лу SU7 топтамасының шығуы Xiaomi-дің автомобиль бөлімінің жұмысына оң әсер еткеніне сенімді. Қазір брендтің негізгі стратегиясы — алдымен Қытай нарығына мықтап орнығу. Xiaomi тек осы мақсатқа жеткеннен кейін экспортқа қатысты жоспарларын жүзеге асыра бастайды.
«Компания өз елінде жақсы нәтиже көрсете алмаса, шетелде бизнес жүргізу қиынға соғады», — деді концерн басшысы.
Ол биыл көктемде Еуропаның бірнеше еліне барып, нарықты зерттейтінін айтты. 2027 жылғы стратегиялық мақсат — халықаралық саудаға ден қою. Біраз уақыт бұрын Xiaomi өзге елдерде жұмыс бастау үшін зерттеу және дайындық процесіне жауапты бөлімшелер құрып жатқаны белгілі болды.