Қызылордада өткен Ұлттық Құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент лауазымы қайта пайда болып, Мемлекеттік кеңесші жойылатынын айтты.
«Халықта әр нәрсенің өз уақыты бар деп тегін айтылмаған.
Сол уақыт келді деп есептеймін.
Бүгін Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында жаңа маңызды ұсыныс жасағым келеді.
Мен ұсынып отырған жаңашылдық біз бірнеше жыл бойы жүйелі түрде құрып келе жатқан бүкіл саяси конструкцияны қисынды түрде түйіндейді.
Сөз Қазақстан Республикасының Вице-президенті институтын құру және оны Конституцияда тиісінше бекіту туралы болып отыр.
Вице-президентті Президент Парламенттің келісімімен, дауыс берушілердің қарапайым көпшілік дауысымен тағайындайды.
Оның өкілеттік шеңберін Мемлекет басшысының өзі айқындайды. Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша мынадай міндеттерді атқарады деп жоспарлануда:
– халықаралық форумдарда және шет мемлекеттердің делегацияларымен келіссөздерде Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіру;
– Парламентте Президенттің мүдделерін білдіру;
– отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;
– Президенттің өзге де тапсырмаларын орындау», – деді Тоқаев.
Ол вице-президенттің қызметтік функционалына қатысты осы негізгі ережелерді де Конституция мәтінінде көрсету керек екенін жеткізді.
«Қазіргі Парламенттің қызметін қамтамасыз ететін аппараттық құрылымдардың бір бөлігі, сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші лауазымы жойылуға тиіс.
Президент Әкімшілігінің функционалы, құрылымы және оны басқару жүйесі практикалық қажеттілікке сәйкес реформаланады.
Вице-президент лауазымы бірқатар елдерде бар екені сіздерге мәлім. Біздің жағдайымызда бұл лауазымның енгізілуі мемлекетті басқару процесін тұрақтандырады, сондай-ақ билік иерархиясына қатысты түпкілікті айқындық енгізеді.
Мынаны баса айтуым керек: бұл конституциялық жаңашылдық президенттік билік институтының әлсіреуін білдірмейді. Керісінше, Президент лауазымы мемлекеттік жүйедегі басты тұлға болып қала береді.
Қазақстан президенттік республика ретінде табысты дамитынына сенімдімін.
Өзін ақтаған бұл саяси жүйеден бас тартуға болмайды. Оның үстіне, халықаралық тәжірибе де дәл осы таңдаудың дұрыстығын айқын дәлелдеп отыр.
Мен ұсынған мемлекеттік билік реформалары, атап айтқанда, бір палаталы парламент – Құрылтайға көшу, Халық Кеңесін құру, Вице-президент лауазымын енгізу еліміздің дамуына қуатты серпін беріп, оның әлеуетін арттыратынына кәміл сенемін», – деді президент.