Үш жылда 3,6 мың жалған компания анықталды

Үш жылда 3,6 мың жалған компания анықталды

Қазақстанда заңды тұлғаларды тіркеу тәртібіне өзгерістер енгізілмек. Енді жаңа компанияны тіркеу кезінде оның құрылтайшылары мен басшыларына тәуекел деңгейі бойынша тексеріс жүргізіледі. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.

Тексеру талаптары күшейеді

ҚМА төрағасының орынбасары Қайрат Бижановтың айтуынша, өзгерістер Әділет министрлігі және Жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп дайындалған.

«Заңды тұлғаларды тіркеу ережелеріне түзетулер әзірленді. Онда басты назар құрылтайшылар мен директорларды тәуекел критерийлері бойынша тексеруге аударылған. Бұл бастама заңсыз схемаларды болдырмауға бағытталған», – деді ол Үкімет отырысында.

Бижанов жаңа нормаларды қабылдау процесін жеделдетуді сұрады.

Жалған компаниялар мен көлеңкелі айналым

Агенттік мәліметінше, кейінгі үш жылда мемлекеттік кірістер органдары 3,6 мың ұйымның тіркеуін жойған. Бұл компаниялар арқылы 30 мыңнан астам жалған мәміле жасалып, жалпы сомасы 280 млрд теңгеге жеткен. Мұндай ұйымдар көбіне ақшаны заңдастыру мен салықтан жалтару үшін қолданылған.