Премьер-министр орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бюджеттің әлеуметтік қолдау бағытындағы шығыны азаятынын айтты.
Спикердің айтуынша, халық табысын ынталандыру тақырыбын қозғаса, оны шексіз талқылауға болады.
«Ең алдымен, бізде әрдайым индексация жүргізіледі. Яғни, біз жүзеге асыратын мемлекеттік қолдау шаралары әрдайым инфляция деңгейінде индекстеледі. Қателеспесем, келер жылдың бюджетінде бұл көрініс табады – кемінде 800 млрд теңгеге көбейеді. Әлеуметтік салаға – денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау мен қамсыздандыруға бағытталған қаражат секвестрленбейді. 2025 жылғы бюджетті орындау барысында биылғы республикалық бағдарламаларда да секвестрлеу жоқ», – деді Жұманғарин.
Ол бұл – қазіргі қолданыстағы шаралар екенін атап өтті.
«Өздеріңіз білесіздер, мен бюджетті оңтайландыру жөніндегі жұмыс тобының бірін басқарамын. Біз секвестр жасамаймыз десек, бұл шынымен солай. Бірақ қолдау шараларын оңтайландырамыз. Неге? Өйткені бұл – біздің жұмысымыздың мәні. Үнемдеуді бастауымыз керек. Бұл зейнеткерлерден үнемдейміз деген сөз емес. Біз келесі жылы және одан кейін де көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары мен жеңілдіктерді қайта қараймыз. Осы тұрғыдан алғанда Үкіметте де, Президент Әкімшілігі деңгейінде де жұмыс жалғасып жатыр», – деп түйіндеді Жұманғарин.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға мемлекеттік бюджет шығыны 3,3 трлн теңгені құрады — бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,8% көп. Finprom.kz мәліметінше, бұл шығындардың жалпы мемлекеттік шығындағы үлесі 21,9%-ға жетті.
Алайда, соңғы бірнеше жылда әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға арналған мемлекеттік бюджет шығыны үлесі, сирек жағдайларды қоспағанда, азаю үрдісін көрсетіп келеді. 2020 жылдың бірінші жартысында ол 25%, 2021 жылы — 24,7%, 2022 жылы — 22,5%, 2023 жылы — 21% болды. 2024 жылдың сәйкес кезеңінде бұл үлес 22,8%-ға дейін артқан, алайда биыл, көріп отырғанымыздай, қайта қысқарған.