Ұжымдағы ахуал – өздігінен қалыптаспайды, оны басшылықтың ұстанымы мен әрекеті қалыптастырады. Дәл осы саясат кадр тұрақтылығына, ынталылыққа және нәтижеге ортақ жауапкершілікке әсер етеді. hh.kz платформасы жүзден астам жұмыс берушіден сауалнама алып, қандай нақты әдістер кадрларды сақтап қалуға ықпал ететінін және қандай басқарушылық қателіктер мамандардың кетуіне себеп болатынын зерттеді.
Қызметкерлердің компанияда ұзақ жұмыс істеуіне ең алдымен не әсер етеді деп ойлайсыз?
- Қызметкерге деген құрмет пен түсіністік – 73%
- Қызметкер еңбегін бағалап, пікір алмасу – 53%
- Тұрақтылық – 53%
- Даму – 50%
- Икемді жұмыс шарттары – 31%
- Басқасы – 1%
Қызметкерлерді сақтап қалудың басты құпиясы – құрмет пен қарапайым адами қатынас (73%). Бірақ жетістіктерді бағалау (53%) мен тұрақтылық (53%) та маңызды рөл атқарады. Жұмыс берушілердің тең жартысы дамуға мүмкіндік беруді де шешуші фактор деп санайды. Ал икемді жұмыс тәртібі (31%) әзірге сирек аталғанымен, бұл да қарқын алып келеді.
Қызметкерлерді сақтап қалуда қандай әдістер жақсы нәтиже береді?
- Жалақы өсімі және бонустар – 76%
- Жақсы жабдықталған кеңсе – 43%
- Процестердің ашықтығы – 46%
- Оқу мүмкіндігі – 49%
- Команда ішіндегі ортақ дәстүрлер – 40%
- Икемді жұмыс кестесі – 23%
Материалдық ынталандыру әлі де басты орында: жұмыс берушілердің 76%-ы сыйақы мен жалақы өсімін негізгі құрал ретінде атап өтті. Алайда кәсіби дамуға мүмкіндік беру (49%) мен ішкі процестердің ашықтығы (46%) да маңызды факторлар қатарында. Ал икемді жұмыс кестесі (23%) мен командалық серіктестікті нығайтатын шаралар (тимбилдингтер 40%) қосымша қолдаушы рөл атқарғанымен, шешуші рөлге ие емес.
Сіз үшін осы компанияда қалуға түрткі болатын себеп қандай?
- Жайлы қарым-қатынас – 61%
- Айқын жетістіктер – 59%
- Түсіністік пен қамқорлық – 50%
- Ілтипат – 43%
- Нақты мақсаттар – 45%
- Басқасы – 1%
Командадағы жылы қарым-қатынас (61%) пен өсу мүмкіндігі — жеке де, кәсіби де (59%) — қызметкерлер үшін компанияда қалуға түрткі болатын басты факторлар. Сондай-ақ адамға деген шынайы көңіл (50%) мен нақты мақсаттар жүйесі (45%) де маңызды, өйткені олар өз орныңды анық көруге көмектеседі. Мұның бәрі сенім мен мотивацияны арттырады.
Қызметкерлерді жоғалтуға әкелетін басқару саласындағы басты қателіктер қандай?
- Бағаламау – 72%
- Елемеу – 49%
- Кері байланыстың болмауы – 48%
- Үздіксіз өзгерістер – 48%
- Қаталдық – 43%
- Басқасы – 2%
Басты қате — қызметкерлерді бағаламау (72%). Бұдан кейінгі себептер — пікір мен кері байланысты елемеу (48%) және шамадан тыс қаталдық (43%). Бұл — басшыларға арналған маңызды белгі: көп жағдайда адамдар жұмыстан тапсырмалар үшін емес, өздеріне деген қарым-қатынас үшін кетеді.
hh.kz платформасының сауалнамасы көрсеткендей: команданың ұзақ уақыт бірге жұмыс істеуі үшін жалақының жоғары болуы жеткіліксіз. Алдымен, құрмет, еңбекті мойындау, даму мүмкіндіктері мен тұрақтылық маңызды. Иә, жалақыны көтеру мен бонустар – тиімді құрал, бірақ олар адамға деген қарым-қатынас, түсінікті мақсаттар, жайлы орта мен өсуге жағдай жасау сынды факторлармен қатар жүруі керек. Ал қызметкерді бағаламау мен оның пікірін елемеу – кадрларды жоғалтудың басты себептері болып қалып отыр.