Қазақстан Ұлттық Банкі мен Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізген алдын ала тексеріс барысында Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан көрші елден 7 трлн теңгеден астам қаражат шығарған, аты аталмаған банктің қызметінен заңбұзушылықтар анықталмады. Бұл туралы BES.media басылымына Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов мәлімдеді.

Президент атаған сома – банк операцияларының жалпы айналымы, сыртқа шыққан қаражаттың таза сомасы емес болып шықты. 

Алайда Шолпанқұлв президент сөзінен кейін тексеріс басталғанын, қазір жүріп жатқанын айтып, оның қорытындысы кейін жарияланатынын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде өткізген жиында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және Ұлттық банкпен  бірге коммерциялық банктердің заңсыз, күмәнді операцияларына бақылауды күшейту қажет екенін атап өтті.

«Жақында төраға Элиманов (ҚМА төрағасы — ред.) қазақстандық банктердің бірі арқылы былтыр көршілес елден басқа мемлекеттерге 7 триллион теңгеден астам қаржы «жөнелтілгені» туралы баяндады. Менің ойымша, бұл заңға, экономикаға, тіпті саясатқа қайшы келетін ерсі жағдай. Өкінішке қарай, мұндай алаяқтық қаржы схемаларына қатысты фактілер азаймай тұр. Осыған дейін айтқанымдай, бұл кесел әлеуметтік саланы да жайлады. Мемлекет қаржысын жымқырушылардың заңды белден басқан қомағай әрекеті еш ақылға сыймайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.