Теңге бағамына қолайлы бір шара алынып тасталды

Теңге бағамына қолайлы бір шара алынып тасталды

Квазимемлекеттік компанияларға қойылған валюталық түсімді сатуға қатысты талап алынып тасталады.

Қазақстан Ұлттық банкі келесі аптадан бастап квазимемлекеттік компаниялардың валюталық түсімінің 50%-ын ішкі валюта нарығында міндетті түрде сату талабын алып тастауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов брифинг барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, аталған талап өткен жылы теңге бағамындағы айтарлықтай құбылмалылық кезінде дағдарысқа қарсы уақытша шара ретінде енгізілген болатын. Қазіргі таңда экономикалық жағдай тұрақтанып, бұл талаптың қажеттілігі жойылған.

«Бұл – дағдарысқа қарсы қабылданған уақытша шара еді. Қазір ешқандай дағдарыс жоқ, теңге тұрақты, экономиканың жағдайы жақсы, төлем балансы қалыпты. Сондықтан бұл талапты алып тастауды жоспарлап отырмыз», – деді Тимур Сүлейменов.

Ұлттық банк басшысы бұл шешім валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдігіне айтарлықтай әсер етпейтінін атап өтті. Себебі квазимемлекеттік компаниялар теңгемен шығындарын қаржыландыру үшін бұған дейін де валюталық түсімдерінің бір бөлігін сатып келген.

Сонымен қатар, қажет болған жағдайда бұл талапты қайта енгізу мүмкіндігі сақталады.

Теңге бағамына қауіп жоқ

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, биыл Қазақстанда төлем балансының оң сальдосы қалыптасады деп күтілуде. Яғни елге келетін валюта көлемі сыртқа шығатын қаражаттан көп болады. Сондай-ақ импорт көлемі өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өспейді, бұл шетел валютасына қосымша сұраныстың қалыптасуына жол бермейді.

«Экономикалық және нарықтық факторларды ескерсек, доллар бағамының күрт өзгеруіне негіз жоқ. Бағамның өзіне тән маусымдық ерекшеліктері ғана бар», – деді Ұлттық банк төрағасы.

Теңгенің нығаюына шетелдік инвесторлар ықпал етуде

Ұлттық банк мәліметінше, соңғы уақытта теңгенің нығаюына шетелдік портфельдік инвестициялардың артуы әсер етіп отыр. Ірі халықаралық банктер мен қаржы ұйымдары Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына инвестиция құю үшін долларды теңгеге айырбастап, ішкі нарықтағы валюта ұсынысын көбейтуде.

Тимур Сүлейменов мұндай инвестицияларды «ыстық ақша» деп бағалауға болмайтынын айтты. Оның сөзінше, инвесторлар Қазақстандағы макроэкономикалық тұрақтылық пен инвестициялық ахуалға сенім білдіріп отыр.

Қазіргі таңда мемлекеттік қарыздағы резидент емес инвесторлардың үлесі шамамен 8%-ды құрайды. Ұлттық банк бағалауынша, Қазақстан деңгейіндегі елдер үшін бұл көрсеткіштің 12–17% аралығында болуы қалыпты саналады. Сондықтан шетелдік инвесторлардың мемлекеттік бағалы қағаздарға келуі әзірге қаржылық тұрақтылыққа қауіп төндірмейді.