Оңтүстік Корея Қазақстаннан мұнай жеткізу туралы келісімге жақындап қалды. Бұл туралы 12 сәуір, жексенбі күні елдің өнеркәсіп министрі Ким Чжон Кван мәлімдеді. Оның айтуынша, Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты ел балама энергия көздерін іздеуде, деп хабарлайды Reuters.

«Айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткіздік, сондықтан келесі аптаның басында нақты көлемдер мен келісімнің егжей-тегжейін жариялай аламыз», — деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін Жапония да мұнайды Қазақстаннан тасуға мүдделі екенін білдірген.

INPEX жапон компаниясы Орталық Азияда өндірілетін мұнайдың бір бөлігін елдің ішкі нарығына бағыттауға дайын екенін мәлімдеген.

Yomiuri басылымының хабарлауынша, INPEX Қазақстандағы Қашаған кен орны және Әзербайжандағы Азери–Чыраг–Гюнешли жобаларында үлеске ие. Бұған дейін бұл кен орындарынан алынған мұнай негізінен спот жеткізілімдер арқылы Еуропаға жөнелтіліп келген.

Негізгі назар Қазақстандағы Қашаған кен орнына аударылып отыр — мұнда өндіріс көлемі тәулігіне шамамен 430 мың баррельге жетеді.