Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев қазіргі уақытта екі қазақстандық клуб бойынша белсенді келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлады. Олар жеке инвесторлардың қолына өтуі мүмкін.
«Екі клубпен демеушілер іздеу бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Ірі компаниялар бұл тапсырмаға үн қосып, жұмыс басталып кеткенін білесіздер», – деді ол.
Алайда, кәсіпкерлерге нақты қандай командалар берілетіні туралы ақпарат әлі белгісіз. Сондай-ақ, Жарасбаев қазіргі уақытта кімдермен келіссөздер жүргізіліп жатқанын ашып айтпады.
Ол Қазақстан Премьер-лигасының 14 клубының бесеуі қазірдің өзінде толығымен жекешелендіріліп, жеке қолға өткенін атап өтті. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр және 2026 жылдың наурыз айына дейін барлық клубты жекешелендіруді аяқтау жоспарланған.
Айта кетсек, жуырда Қарағандының «Шахтер» футбол клубын Freedom Holding Corp. тобына кіретін, қазақстандық кәсіпкер Тимур Турловқа тиесілі компания сатып алды.
Сондай-ақ «Елімай» футбол клубы ірі акционердің пайда болғанын хабарлады. Абай облысындағы клубтың инвесторы — Qazaq-Astyq Group компаниясының май экстракциялайтын зауыты болды.
Бұған дейін Qazaq Stroy компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев «Ақтөбе» футбол клубының инвесторы болғаны хабарланған еді.
Сонымен қатар Петропавлдың «Қызыл-Жар» футбол клубының инвесторы кәсіпкер Сергей Кан болып анықталған еді. Клубты қаржыландыру Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылады.
«Қайсар» футбол клубы да жеке басқаруға берілді. «Алдағы уақытта «Қайсар» футбол клубын дамыту бойынша нақты шаралар қабылданып, клуб академиясы мен инфрақұрылымын дамытуға 12 млрд теңге көлемінде инвестиция салу жоспарлануда», – деп жазды клуб өкілдері.