Мемлекеттік қолдау алатын кәсіпкерлерге жаңа талаптар қойылуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді.
Оның айтуынша, субсидия, жеңілдетілген несие немесе мемлекеттік кепілдік алған бизнес қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру міндетін де өз мойнына алады.
«Жалақы еңбек өнімділігімен бірге өсуі тиіс. Сондықтан мемлекеттік қолдау алудың қарсы міндеттемелерінің бірі – жалақыны көтеру болады», – деді Әмрин.
Билік осылайша мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттырып, жеке сектордағы қызметкерлердің табысын көбейтуді көздеп отыр. Қазір Қазақстанда 9,32 млн жалдамалы қызметкер бар. 2026 жылдың бірінші тоқсанында орташа жалақы 431 мың теңгені, медианалық жалақы 345 мың теңгені құрады.