Жыл сайын тамыз айының ортасында Қазақстанның мегаполистері ерекше қарқынға енеді. Жазғы демалыстан кейін мыңдаған студенттер оқуына оралып, жедел түрде тұрғын үй іздей бастайды. Ең жоғары сұраныс екі сегментке шоғырланған: хостелдердегі кереует-орындар және университеттерге жақын орналасқан пәтерлер. Дәстүрлі түрде сұраныс шыңы Алматы, Астана және Шымкент қалаларына тиесілі. OLX.kz аналитикалық қызметінің дерегінше, тамыз айында жалға алу туралы хабарландыруларға жауап беру көрсеткіші мамыр айымен салыстырғанда қала мен тұрғын үй түріне байланысты орта есеппен 15–35% өскен.
Тамыз айында пәтер немесе хостелден орын іздеуге қатысты сұраныстың тұрақты өсімі байқалады, алайда әр өңірдің өзіндік ерекшеліктері бар.
Алматыда мамыр айында негізінен екі бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары болды (мамырда – 10 395, тамызда – 8 981), ал қазір іздеу көшінде бір бөлмелі пәтерлер тұр (тамызда – 11 690, мамырда – 10 239). Сонымен бірге хостелге деген сұраныс тіпті 30% көбірек артқан (мамырдағы 1 194-тен тамызда 1 734-ке дейін).
Астанада бір бөлмелі пәтерге деген сұраныс тұрақты, бірақ ол да орта есеппен 27% өскен. Тамызда хостелдерге деген сұраныс екі есеге жуық артты.
Шымкентте тамыз айында екі бөлмелі пәтерлерді іздеу көбірек байқалды. Егер мамырда сұраулар саны 3 061 болса, тамызда ол 3 870-ке жеткен. Бұл өңірде де хостелдерге деген сұраныс 39% өсті.
Статистикаға сүйенсек, тамызда тұрғын үйге деген жалпы сұраныс айтарлықтай артқанымен, хостелдерге деген сұраныс ерекше қарқынмен өскен. Бұл студенттердің қолжетімді әрі икемді нұсқа ретінде дәл осы форматты көбірек таңдай бастағанын көрсетеді.
Сұраныс өсуде, баға да артып келеді
Мамыр айымен салыстырғанда, тамызда пәтерді жалға алу құны орта есеппен 20% қымбаттады.
Алматыда бір бөлмелі пәтерлер мамырдағы 150 000 теңгеден 160 000 теңгеге дейін қымбаттады (+6%), екі бөлмелі пәтерлер бағасын 200 000 теңге деңгейінде сақтап қалды, ал үш бөлмелі пәтерлер 20% қымбаттап, 200 000 теңгеден 250 000 теңгеге өсті.
Астанада бір бөлмелі пәтерлер бағасы 140 000 теңге деңгейінде тұрақты тұр, бірақ екі және үш бөлмелі пәтерлер бағасы 10-12% өсті. Бұл сегменттердің құны Алматыдағы деңгеймен шамалас.
Шымкентте барлық сегментте пәтер жалдау құны өсті – бір бөлмелі пәтерлер 105 000 теңгеден 120 000 теңгеге дейін, екі бөлмелі пәтерлер 10 000 теңгеге, ал үш бөлмелі пәтерлер 20 000 теңгеге қымбаттады.
Хостелдердегі орындарды жалдау бағасы өзгерген жоқ – мұнда маусымға байланысты ауытқу болмайтын бекітілген тариф бар. Тек Шымкентте ғана бағаның 10% аздап төмендеуі байқалады.