Арсен Сариев – Halyk Finance Талдау орталығы
2025 жылдың қаңтар–шілде айларында байланыс қызметтері жылдық есеппен 3,5% бірқалыпты өсті. Бұл 2024 жылғы деңгейден айтарлықтай төмен, сол жылы саланың нақты көлем индексі жылдың басындағы 7,8%-дан жылдың соңына қарай 3,5%-ға дейін біртіндеп баяулаған еді. 2025 жылдың қаңтар–шілде қорытындысы бойынша, байланыс секторының өсімі пошта және курьерлік қызметтер секторының өсімінен 0,1 пайыздық пунктке ғана жоғары болды. Пошта және курьерлік қызметтер ақпанда -0,8%-ға дейін төмендегенімен, сәуірден бастап қалпына келе бастады. Маусымда өсім 4,4%-ға жетіп, байланыс секторынан да жоғары болды. Бұл үрдіске электрондық сауданың дамуы мен логистикалық мүмкіндіктердің кеңеюі ықпал етті, бұл өз кезегінде курьерлік қызметтерге сұранысты арттырды. Сауда және интеграция министрлігі мен Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) деректері бойынша, 2024 жылы электрондық сауданың көлемі 3,1 трлн теңгеден асты, оның 84%-дан астамы маркетплейстер үлесіне тиді, ал бөлшек саудадағы онлайн-сегменттің үлесі 14,1%-ға жетті.
2025 жылдың қаңтар–шілде айларындағы байланыс қызметтерінің құрылымына сүйенсек, интернет желісі қызметтерінің үлесі басым – жалпы көлемнің 58,7%-ын құрайды. Екінші орында – мобильді байланыс қызметтері (15,8%). Одан кейін өзге телекоммуникациялық қызметтер (15,2%), ал қалааралық және жергілікті байланыс қызметтерінің үлесі тиісінше 1% және 1,9% ғана. Мұндай теңсіздік интернет желісінің негізгі хабар тарату құралына айналғанын көрсетеді. 2025 жылдың қаңтар–шілдесінде спутниктік сымсыз интернет абоненттік базасында айтарлықтай өсім болды – 2024 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2,5 еседен астам. Бұл өсім инфрақұрылымдық жобалардың арқасында мүмкін болды. Атап айтқанда, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі биыл тамызда Shanghai SpaceSail спутниктік жүйесін ресми түрде сынақтан өткізіп, 200 Мбит/с-қа дейін қосылу жылдамдығын тіркеді. Бұл оның алыс өңірлерде қолдану әлеуетін дәлелдеді. Сондай-ақ 2025 жылдың 13 тамызынан бастап Қазақстан аумағындағы қауіпсіздік талаптарына сәйкестендірілгеннен кейін Starlink спутниктік интернетінің ресми сатылымы басталды.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 13 тамыздан бастап Starlink компаниясы Қазақстан Республикасының аумағында спутниктік интернет қызметтерін ресми түрде ұсына бастады. Бұл еліміздің тұрғындарына SpaceX компаниясына тиесілі төмен орбиталы Starlink спутниктері желісі арқылы жоғары жылдамдықты және сенімді интернетке қосылуға мүмкіндік береді.
Байланыс саласындағы баға динамикасында белгілі бір құбылмалылық байқалды. Байланыс қызметтері бойынша тұтыну бағалары индексі 2025 жылғы қаңтарда 17,7%-дық ең жоғары деңгейге жетіп, мамырда қайтадан 17,6%-ға дейін жеделдеді, ал шілдеде күрт төмендеп, 10%-ды құрады. Бұл үрдіс бірқатар факторлардың ықпалына түсті: бір жағынан, байланыс қызметтеріне жасалған баға өзгеруі, екінші жағынан – мобильді байланыс пен интернет қызметтеріне сұраныстың төмендеуіне байланысты операторлардың тарифтік саясатының тұрақтануы.
Сонымен қатар, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) байланыс нарығында мәселелі белгілерді анықтады. Сымды (тұрақты) интернет қызметтері нарығындағы бәсекелестік жағдайын талдау қорытындысы бойынша, мобильді операторлардың әрекеттерінде тарифтерді монополиялық жолмен көтеру белгілері табылды, бұл тергеу басталуына әкелді. БҚДА-ның бұл шешімі биыл шілде айында байланыс қызметтері бағасының жалпы деңгейінің айтарлықтай төмендеуіне ықпал еткен болуы мүмкін.
Осылайша, спутниктік технологияларды дамыту және логистиканың электрондық саудамен интеграциясы байланыс пен пошта-курьерлік қызметтердің өсуіне негіз болып отыр. Байланыс нарығындағы қазіргі жағдай жоғары жылдамдықты интернеттің пайдасына қарай технологиялық ығысуымен, кең аумақтық қолжетімділікке мүмкіндік беретін мемлекеттік инфрақұрылымдық жобаларға сүйенуімен және тарифтік қысым кезеңінен кейінгі баға тұрақтануына байланысты. Орта мерзімді перспективада инфрақұрылымды нығайту, бәсекелестіктің артуы және саланың цифрлық трансформациясының жеделдеуі күтіледі.