«ОнлайнҚазҚаржы» (Solva) МҚҰ 2025 жылы микроқаржы ұйымы кредиттік шарттардағы бірқатар ковенанттарды (қосымша талаптарды) бұзғаны, соның салдарынан кредиторлар 53,2 млрд теңгені мерзімінен бұрын қайтаруды талап еткені анықталды. Бұл туралы ұйымның аудиторлық есебінде айтылған.
Кредиторлар мерзімінен бұрын қайтаруды талап еткен қаражаттың ішінде:
24,2 млрд теңге – облигациялар;
19,9 млрд теңге – халықаралық қорлардан алынған қарыздар;
9 млрд теңге – банк несиелері.
Нәтижесінде компанияда капитал жеткіліктілігі, активтердің табыстылығы және мерзімі өткен қарыздардың үлесі бойынша талаптар бұзылған.
Жағдайды түзету үшін биыл көктемде компанияның капиталы 450 млн теңгеге ұлғайтылды. Шілде айында тағы 15 млрд теңге көлемінде қосымша капитал құю жоспарланған. Есепте бұл шара капитал жеткіліктілігін кредиторлар талап ететін деңгейге дейін қалпына келтіруге мүмкіндік беретіні көрсетілген.
Сонымен қатар, кредиторлар 2026 жылдың соңына дейін қарыздарды мерзімінен бұрын өтеуді талап етуден бас тартқан, ал кейбірі ковенанттардың уақытша сақталмауына келіскен. Осылайша төлем кестесі қайта қалпына келтірілген.
Алайда аудиторлар ұйым қызметіне қатысты «елеулі белгісіздік» сақталып отырғанын атап өткен.