Сирек жер металдарын өндіру мен өңдеуге 5 млрд бастап несие беріледі

Сирек жер металдарын өндіру мен өңдеуге 5 млрд бастап несие беріледі

Қазақстанның Даму Банкі 2025–2030 жылдарға арналған сирек, сирек жер және маңызды материалдарды өндіру мен қайта өңдеу жобаларын қаржыландыру бағдарламасының іске қосылғанын жариялады. Бағдарламаның жалпы көлемі — 1 млрд доллар.

Жаңа бағдарлама тау-металлургия саласындағы сирек жер металдары мен маңызды материалдарды қайта өңдеу жобаларын жүзеге асыру тетігіне айналуға тиіс.

Бағдарламаның негізгі артықшылықтары мен шарттарының қатарында: қаржыландырудың ең төменгі сомасы 5 млрд теңгеге дейін төмендетілгені, қаржыландыру мерзімі 20 жылға дейінгі аралықта кез келген валютада (доллар, еуро, юань және т.б.) берілуі, қаржыландыруды ұйымдастыру және оның шарттарын өзгерту үшін комиссияның алынып тасталуы, жеңілдік кезеңінің болуы атап өтіледі.

Қарыз алушылар үшін міндетті талап — JORC халықаралық кодексі бойынша қорлардың расталуы.

Тізімге сирек жер металдары (лантаноидтер, скандий, иттрий), сондай-ақ жоғары технологиялар, «жасыл» энергетика және электроника үшін сұранысы жоғары маңызды материалдар — литий, кобальт, вольфрам, германий, галлий, графит және басқа да элементтер енгізілген.